СПОРТТЫҚ ДОДА – ЫНТЫМАҚ КЕПІЛІ
Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданындағы «О.Бөкей атындағы қазақ орта мектебі» КММ-де спорттық дода – қайталанбас дәстүрге айналған мереке! Мұнда әрбір қызметкер жүрекжарды ынтамен қатысып, үлкен жарысқа түсті. Спорттық рух пен бірлік салтанат құрған бұл күні әрбір команда жеңіске деген ұмтылысын көрсетті.
Бұл жолы алты команда арқан тарту, волейбол, тоғызқұмалақ, эстафета, шахмат, үстел теннисі секілді спорттың тоғыз түрінен бақ сынады.
Мектептің жас әрі жаңашыл директоры Айбат Ахметуалиұлы Бутабаевтың бастамасымен үш аптаға созылған бұл сайыс екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып, нағыз дәстүрге айналып үлгерді.
Спартакиада ойындарының қорытындысы күзгі демалыс күндерінде жария етілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге лайықты сыйлықтар табысталды.
Білім ордасы тек терең білімімен ғана емес, сондай-ақ ұйымшыл, спортты сүйетін ұжымымен де мақтана алады!
Шығыс Қазақстан облыстық ұйымы