ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұлттың болашағы – ұлағатты ұстаздың қолында. Ұлағатты ұстаз – білімнің, парасаттың, мейірімнің бастауы. Сол ұстаздардың бірі – шәкірт жүрегіне жол тауып, ұрпақ тәрбиесіне бар ғұмырын арнаған ұстаз, Темір ауданы Шұбарши мектеп-бөбекжай-балабақшасының бастауыш сынып мұғалімі Балдосова Құрманай Құлтөреқызы.
Балдосова Құрманай Құлтөреқызы — 42 жыл бойы жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді. Оның ұстаздық жолы – үздіксіз ізденіс пен шығармашылық еңбектің көрінісі. Ол әр баланың жеке қабілеті мен ерекшелігін ескере отырып, оқыту процесінде заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолданады. Сабақтары мазмұнды, қызықты әрі тәрбиелік мәнге толы.
Құрманай Балдосаның шәкірттері түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Ұстаздың еңбегінің нәтижесі – оның шәкірттерінің табысы.
Мәселен, Жангүл Аманқұлова мектепті «Алтын белгімен» аяқтап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің грантын жеңіп алып, оны үздік дипломмен тәмамдаған. Ал Айбану Сайлауова – Назарбаев зияткерлік мектебі мен университетінің түлегі, қазіргі таңда білімін магистратурада жалғастыруда.
Қазіргі таңда туған жерінде еңбек етіп жүрген шәкірттері де аз емес. Олардың әрқайсысы өз ұстазын мақтанышпен еске алады.
Құрманай Құлтөреқызының табанды еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол Ақтөбе облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, «Ақтөбе–Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Бұл марапаттар – оның тынымсыз еңбегіне берілген әділ баға.
Құрманай Балдоса – өз ісіне адал, қарапайымдылық пен парасаттылықты бойына сіңірген ұстаз. Ол – ұжымда сыйлы әріптес, шәкірттеріне үлгі болар тұлға. Отбасында – аяулы жар, үш баланың ардақты анасы, немерелерінің мейірімді әжесі.
Ел ертеңі – бүгінгі шәкірттің қолында, ал шәкірт тағдыры – ұстаз қолында.
Балдосова Құрманай Құлтөреқызының өнегелі өмірі мен ерен еңбегі – шын мәнінде еңбек адамының жарқын бейнесі. Ол сөз кәсібіне деген адалдығымен, шәкіртке деген махаббатымен, білім беру ісіне сіңірген еңбегімен ұлт болашағына үлес қосып келеді…