ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Сейтжанова Гүлжазира Нағиқызы – білім беру саласында айшықты қолтаңбасын қалдырған, өз ісіне адал, шәкірт жүрегіне нұр құятын ұлағатты ұстаз.
Болашақ мамандығына деген қызығушылығын ерте аңғарған Гүлжазира Сейтжанов мектеп қабырғасынан-ақ жаратылыстану ғылымдарына ерекше ықылас танытты. Сол арман жетегінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің жаратылыстану факультетін тәмамдап, биология пәнінің мұғалімі мамандығын алды.
2002 жылдан бастап білім беру саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан ұстаздың педагогикалық өтілі – 23 жыл. Қазіргі таңда ол Шалқар қаласындағы І.Үргенішбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектепте биология пәнінің мұғалімі қызметін атқарып, білімнің биік шыңына жетелеуде. Өз ісінің хас шебері саналатын ұстаз бүгінде педагог-зерттеуші санатына ие кәсіби білікті маман ретінде танылып отыр.
Гүлжазира Сейтжанованың үздіксіз еңбегі мен тынымсыз ізденісі түрлі марапаттармен айқындалады. Ол Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен, сондай-ақ облыстық және республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен байқаулардың жүлдегері. 2025 жылы ІІ республикалық педагогикалық олимпиададан ІІ орын, «Ізденіс жолы – 2025» облыстық байқауынан ІІІ орын, «Білікті ұстаз» республикалық олимпиадасынан жүлделі орын, сондай-ақ «Үздік педагог» және «Педстарт» республикалық пәндік олимпиадаларында І орын иегері атанды. Ұстаздың ғылыми-әдістемелік мақалалары облыстық конференция жинақтарында жарияланып, 2025 жылы «Ақтөбе ұстазы» газетінде «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру – сапалы білім кепілі» атты мақаласы жарық көрді.
Ұстаз еңбегінің басты нәтижесі – шәкірт жетістігі. Гүлжазира Нағиқызының тәрбиелеп отырған оқушылары да түрлі білім додаларында жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Шәкірттері «Бастау» республикалық олимпиадасынан, «Абай» пәндік олимпиадасының республикалық кезеңінен, сондай-ақ «Сапсан», «Талапкер – 2024» және облыстық «Дарын» орталығы ұйымдастырған байқаулардан жүлделі І және ІІ орындарды иеленіп, ұстаз мерейін үстем етті.
Осы еңбектер мен жетістіктер – ұстаздың шәкіртке деген жанашырлығы мен кәсібіне деген сүйіспеншілігінің айғағы. Ұстаздық жолдың ауыр да абыройлы екенін жүрегімен сезінген Сейтжанова Гүлжазира Нағиқызы – өз ісінің шынайы шебері, шәкірт жүрегіне жол таба білген білікті педагог.