АҚТӨБЕЛІК ҰСТАЗДАРДЫҢ ҮЛКЕН ЖЕҢІСІ
Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова республикалық «Үздік педагог – 2025» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Биылғы жылы марапат иегерлері қатарында Ақтөбе облысының екі бірдей ұстазы бар.
Тілеубергенова Назгүл Жолымбетқызы — Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы, 26 жылдық еңбек жолында кәсіби шеберлігімен, шығармашылық ізденісімен ерекшеленіп келеді. Ол авторлық білім беру бағдарламалары мен оқу құралдарының әзірлеушісі, студенттерін облыстық және республикалық олимпиадаларға дайындап, жетістіктерге жеткізіп жүрген тәжірибелі маман.
Ал Шолпан Ахметқызы Шумақова — Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, педагогика саласында 37 жыл еңбек етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген. Ол техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне арналған оқу-әдістемелік материалдар әзірлеу бойынша сарапшы, «OZATTAR – Қазақстан білім беру саласының үздік қызметкерлері» энциклопедиясына енген.
Министрдің қолынан марапат алған екі ұстаздың жетістігі – олардың мамандығына адалдығының, кәсіби шеберлігінің және қазақстандық білім беру ісіне қосқан зор үлесінің айғағы.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының атынан Назгүл Жолымбетқызын және Шолпан Ахметқызын «Үздік педагог – 2025» атағымен құттықтаймыз! Ұстаз еңбегінің жемісі ел ертеңінің жарқын болашағына айналсын!
-
Фото
-