«КӘСІПОДАҚ КУБОГІ» САРАПҚА САЛЫНДЫ
23-24 қазан күндері «Жайық» мәдени-спорт кешенінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 85 жылдық мерей тойына арналған «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Кубогі үшін облыстық білім қызметкерлері арасындағы футзалдан облыстық турнир өтті.
Турнирдің мақсаты мен негізгі міндеттері салауатты өмір салтын насихаттау, облыс ұстаздары және білім беру саласы салалық кәсіподақ ұйымдары арасында жолдастық қарым-қатынасты нығайту, кіші аяқдоптан спорттық шеберлікті арттыру және аталған жарыстың жеңімпаздарын анықтау еді.
Жарысқа Атырау қаласы және жеті ауданнан келген командалар өз ара күш сынасты. Барлық ойындар халықаралық FIFA футзал ережелеріне сәйкес өткізіліп, жарысқа кәсіби шеберлігі жоғары төрешілер қазылық жасады.
Екі күнге созылған тартысты ойында бірінші орынды – Құрманғазы ауданы, екінші орынды – Индер ауданы және үшінші орынды – Х.Досмұхамедов атындағы университет командалары иеленді.
Жүлделі орындарға ие болған командалар «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің – І, ІІ, ІІІ дәрежедегі кубогпен, дипломдармен, медальдермен және ескерткіш сыйлықтармен марапатталды.
Атырау университетінің 85 жылдық мерей тойына арналған жарысты ұйымдастыруға зор үлес қосқан «Жайық» мәдени-спорт кешенінің жауапты қызметкерлері Амантай Мұханбетәлі мен Руслан Сұлтанғалиевке зор ризашылдығымызды білдіреміз.
Атырау облыстық ұйымы