
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз – адам өміріндегі ең қадірлі тұлғалардың бірі. Себебі, ұстаз – білімнің шамшырағы, рухтың тірегі, адамдықтың айнасы. Осындай абыройлы мамандық иелерінің бірі – Ақтөбе облысы Шалқар қаласындағы №8 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Тілесова Лайық Жалғасбайқызы.
Лайық Тілесова еңбек жолын Ембі қаласындағы №2 мектепте бастап, алғашқы ұстаздық тәжірибесін жинақтады. Кейін Бершүгір қазақ-орыс мектебінде, Шалқар қаласындағы №1 мектепте қызмет атқарып, 2009 жылы жаңа ашылған №8 мектеп-гимназияға ауысты.
Білімін жетілдіруді өмірлік ұстаным еткен педагог 2015 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша, ал 2023 жылы Ақтөбе қазақ-орыс халықаралық университетін «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша тәмамдап, кәсіби шеберлігін үнемі арттырып келеді.
Бүгінде ұстаздық еңбек өтілі – 32 жыл. Осы жылдар ішінде ол саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп, шәкірттеріне білім мен тәрбие беруде зор жетістіктерге жетті.
Шәкірттерінің жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі. «Жаңа ғасыр таланттары» интеллектуалды-шығармашылық орталығы ұйымдастырған байқауларда Лайық апайдың тәрбиеленушілері жоғары нәтижелерге қол жеткізді. 2023 жылы өткен І Республикалық «Жаңашыл ұстаз» байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталуы – оның кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі. Сондай-ақ республикалық «TeachStart-2024» педагогикалық олимпиадасында І орын алып, үздік ұстаздар қатарынан көрінді.
Еңбегі еленіп, 2022 жылы білім беру саласындағы жемісті қызметі үшін Құрмет грамотасымен және «Қазақстан Ұстазы» төсбелгісімен марапатталды. Сол жылы есімі республикалық «Озаттар – білім саласы үздіктерінің энциклопедиясына» енді. 2024–2025 оқу жылында бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған республикалық “Алтын тұғыр” математикалық олимпиадасының аудандық кезеңінде ІІІ дәрежелі диплом иегері атанды.
Бүгінде Тілесова Лайық Жалғасбайқызы ұстаздық жолда жарқын жетістіктерге жетіп, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген тәжірибелі педагог. Қарапайымдылығы мен адамгершілігі, кәсіби шеберлігі мен парасаттылығы оны әріптестері мен ата-аналар арасында ерекше құрметке бөлейді. Ол – өз мамандығына адал, шәкіртін биікке жетелеген, ұстаздық абыройын асқақтатқан тұлға.