
ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНДАҒЫ ТҮЙІТКІЛДІ СҰРАҚТАР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы онлайн форматта «Білім саласындағы еңбек қатынастарындағы түйіткілді сұрақтар» тақырыбында семинар өткізді.
Іс-шараға Мұғалжар, Қобда, Хромтау аудандарының кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, кадр қызметкерлері, заңгерлер, келісім комиссиясы мүшелері мен аудандағы техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Семинар барысында еңбек заңнамасындағы өзгерістер, білім саласындағы еңбек қатынастарының өзекті мәселелері, педагогтардың құқықтық қорғалуы және еңбек дауларын реттеу жолдары кеңінен талқыланды.
Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова өз сөзінде мұндай семинар педагогтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және еңбек қатынастарын заң шеңберінде реттеуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, облыстық ұйым көшбасшысы ұйымның негізгі міндеті — қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау екенін ерекше атап өтті.
Айта кетейік, кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау ісін күшейту бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі семинар осы бағыттағы жүйелі еңбектің бір көрінісі.
Бүгінгі семинарда облыстық ұйымның заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай қатысушыларға еңбек заңнамасының негізгі нормалары жөнінде түсіндірме беріп, педагогикалық ұжымдарда жиі кездесетін құқықтық жағдайларды нақты мысалдар арқылы талдады. Сонымен қатар, еңбек даулары туындаған кезде келісім комиссиясының рөлін арттыру, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісімдердің заң талаптарына сай орындалуы туралы құқықтық кеңестер ұсынды.
Семинар барысында қатысушылар кәсіподақ өкілдеріне онлайн және жазбаша түрде сұрақтарын қойып, өз сауалдарына қатысты қажетті ақпараттар мен кеңестер алды.