
ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Мұғалім – адамзат қоғамындағы ең құрметті де, киелі мамандық иесі. Ол – тек білім беруші ғана емес, шәкірттің жүрегіне жол тауып, өмірге бағыт сілтейтін тұлға. Ал, нағыз ұстаз – болашаққа жарық сәуле шашқан шамшырақ, ізгілік пен мейірімнің бастауы. Осындай қасиеттердің барлығын бойына сіңірген педагогтардың бірі – Темір ауданындағы №2 Шұбарқұдық қазақ-орыс жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Нұрмұқан Сандуғаш Мақсатқызы.
Сандуғаш Нұрмұқан 2012 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін тәмамдап, туған жеріндегі №2 Шұбарқұдық қазақ-орыс жалпы білім беретін мектебіне ұстаз болып орналасты. Содан бері ол өз мамандығына деген сүйіспеншілігін жоғалтпай, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп келеді.
Жас маман ретінде еңбек жолын бастаған Сандуғаш Нұрмұқан бүгінде тәжірибелі ұстаз, өз ісінің шебері атанып отыр. Ол аудандық, облыстық, тіпті республикалық деңгейдегі түрлі жетістіктерге қол жеткізіп, білім беру саласындағы үздіктердің қатарынан көрініп жүр. Сондай-ақ, өз тәжірибесімен бөлісіп, аудан көлемінде өткізілетін семинарлар мен шебер-сыныптардың тұрақты қатысушысы әрі ұйымдастырушысы. “Үйрете жүріп, өзім де үйренемін” деген қағиданы берік ұстанған ол – үздіксіз ізденістің, жаңашылдықтың жарқын үлгісі.
Сандуғаш Мақсатқызының шәкірттері де талай білім додаларында топ жарып келеді. Олар Махамбет, Абай, Әбіш, Қадыр оқулары, облыстық пәндік олимпиадалар, “Мың бала”, “Ақберен”, “Жарқын болашақ” сияқты қазақ тілі мен әдебиетіне арналған байқауларда жүлделі орындарды иеленіп жүр. Бұл жетістіктер – ұстаздың адал еңбегінің, төккен терінің, ізгі ниетінің жемісі.
Шәкірт жетістігін өз жетістігі санайтын ұстаздың болашаққа деген сенімі зор, мақсаты айқын. Ол үшін “Жас келсе – іске” деген ұстаным өмірлік қағидаға айналған. Білім беру жолында аянбай еңбек етіп жүрген осындай жас ұстаздар барда ұлттың болашағы да нұрлы болмақ.