
ЫНТЫМАҚ ПЕН ЕҢБЕКТІ ДӘРІПТЕГЕН САЛТАНАТТЫ ШАРА
Ақтөбенің Қобда және Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымдарының ұйымдастыруымен Кәсіподақтар қозғалысының 120 жылдығы мен Кәсіподақтар күніне орай салтанатты жиын өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – еңбек адамын ұлықтау, кәсіподақ мүшелерінің еңбегін бағалау және ұжымдық ынтымақ пен бірлікті нығайту болды.
Салтанатты шара барысында қажырлы еңбегімен білім беру саласының дамуына және ұжым ішіндегі татулық пен ұйымшылдықты арттыруға үлес қосып келе жатқан қызметкерлерге аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының бірлескен Алғыс хаттары табыс етілді.
Сонымен қатар, Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы тарапынан бірқатар мүшелерге Алматы қаласына, сондай-ақ Бурабай–Зеренді өңіріне 2025–2026 оқу жылының күзгі демалыс кезінде тарихи-танымдық саяхатқа жолдамалар табысталды. Бұдан бөлек, бірнеше кәсіподақ мүшелері шипажайда ем алу және демалу жолдамаларымен марапатталды.
Ал Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы да өз мүшелерін назардан тыс қалдырмай, 11 білім қызметкеріне Бурабай–Зеренді өңіріне тарихи-танымдық саяхатқа жолдамалар ұсынды.
Марапат иелері өз еңбегінің еленгеніне қуанып, ұйым атынан көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдірді.
Шара соңында қатысушылар Кәсіподақ қозғалысының қоғам өміріндегі рөлін атап өтіп, еңбек адамын қолдаудың және бірлікті нығайтудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
-
Фото
-