
АҚТӨБЕДЕ ЕҢБЕК АДАМДАРЫ МЕН КӘСІПОДАҚ БЕЛСЕНДІЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Бүгін Мәдениет үйінде Кәсіподақтар қозғалысының 120 жылдығына, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығына және Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараның ашылуында Кәсіподақтар федерациясы төрағасы Сатыбалды Даулеталин қатысушыларға арнайы бейнеқұттықтау жолдады.
Салтанатты шарада Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров сөз сөйлеп, барша кәсіподақ өкілдерін айтулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде өңір басшысы еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыру мен әлеуметтік әріптестікті дамытуда кәсіподақтардың айрықша рөлін атап өтті.
Еңбек саласындағы ерекше жетістіктері мен кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін 16 азамат Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың қатарында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев пен Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Жанар Ерниязова бар.
Сонымен қатар, еңбек саласындағы жетістіктері мен кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін 6 адам Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының «Еңбек озаты» медалімен марапатталды.
Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев өз құттықтау сөзінде еңбек адамын қорғаудағы кәсіподақтардың маңыздылығына тоқталып, сала ардагерлеріне алғыс білдірді.
Шара барысында Кәсіподақтар федерациясының Алғыс хаты Ақтөбе облыстық арнайы «мектеп-интернат-колледж» кешенінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Сая Таласқалиеваға тапсырылды. Сондай-ақ сала үздіктері Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасымен, «Кәсіподақтардағы белсенді жұмысы үшін», «Кәсіподақтар қозғалысына 120 жыл» мерейтойлық медальдарымен, сондай-ақ «Үздік әлеуметтік әріптес» және «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталды.
Кәсіподақ қозғалысын дамытуға және еңбекшілердің құқықтарын қорғауға қосқан еңбегі үшін Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Жұмагүл Жұмабаева Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасына ие болды.
Сонымен бірге, кәсіподақ қозғалысын дамыту мен нығайтуға қосқан елеулі үлесі және еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғаудағы көпжылдық белсенді қызметі үшін Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова «Кәсіподақтар қозғалысына 120 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Салтанатты жиында кәсіподақ ардагерлері мен әлеуметтік әріптестер де сөз сөйлеп, құттықтауларын жеткізді.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
-
Фото
-