
САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ
7 қазан күні Құрманғазы ауданының Жұмекен Нәжімеденов ауылындағы мәдениет үйінде КСРО Халық мұғалімі, Атырау облысының Құрметті азаматы, профессор Құсиын Айтқалиевтың 95 жылдығына және Қазақстан Республикасының Әнұран авторы Жұмекен Нәжімеденовтың 90 жылдығына арналған «Тарихқа – тағзым, бүгінге – өзгеріс, болашаққа – сенім» тақырыбында салтанатты жиналыс өтті.
Салтанатты шара облыстың қала, аудандарынан келген қонақтардың Қазақстан Республикасы Әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Мәдениет үйіндегі жиын Б.Бегалиев атындағы «Нұршуақ» балалар-жасөспірімдер театрының жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ұстаз орны – мәңгілік төр» атты саханалық қойылыммен ашылды. Осыдан кейін олардың назарына КСРО Халық мұғалімі Құсиын Айтқалиевтың өмірі мен қызметіне арналған 1980 жылы түсірілген «Қазақфильм» студиясының деректі фильмі ұсынылды.
Салтанатты шараға қатысушыларды айтулы мерекемен Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Аманкелді Мұратов, аудандық мәслихат төрағасы Гүлжаннат Қалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов, «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров құттықтады.
Кәсіподақ төрағасы Қылышбай Сүндетұлы бірнеше ұстаздарға білім беру жүйесінде ұзақ жылдар бойы адал еңбегі мен ұстаздық міндетін абыроймен атқарып, ұлтымыздың болашағы – жастарға өнегелі тәрбие мен сапалы білім берудегі жетістіктері және қоғамдық өмірге белсене қатысқаны үшін «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің марапаттарын табыстады.
Жиынның қорытындысында облыстың бір топ кәсіподақ мүшелері КСРО Халық мұғалімі Құсиын Айтқалиев атындағы «Үздік педагогикалық қызметі үшін» атты төсбелгісімен марапатталды.
Мерекелік шара соңы ауданның білім беру ұйымдары ұстаздарының әсем концертімен аяқталды.
Атырау облыстық ұйымы