
ҰСТАЗДАРДЫ ҰЛЫҚТАУ
Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен биыл 29 қыркүйек – 4 қазан аралығында «Ұстазға алғыс!» апталығы ұйымдастырылуда.
Аталған бастаманы қолдай отырып, Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдуллаұлы ұстаздарды мерекемен құттықтап, оларды арнайы ұйымға шақырды. Салтанатты жиында ардақты ұстаздарға құрмет грамоталары мен сыйлықтар табыс етіліп, білім беру ісіндегі қажырлы еңбектері үшін алғыс білдірілді.
Жандос Шайдуллаұлы өз сөзінде ұстаздардың қоғамдағы ерекше рөлін атап өтіп:
"Ұстаз – тек білім беруші ғана емес, ол – ұлттың рухын көтеретін, ел болашағын қалыптастыратын ұлы тұлға. Балаларға сапалы білім мен тәлімді тәрбие беріп, еліміздің болашағына жол ашып келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіз – ұлттың мәңгілік қазынасы", – деді.
Бұл шара ұстаздарға көрсетілген ерекше құрметтің, олардың еңбегіне деген халық алғысының және мемлекет саясатының айқын дәлелі болды.