
ҚАУІПСІЗ ЕҢБЕК – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Бүгін Талдықорған қаласында білім саласындағы жұмыс берушілердің қатысуымен «Қауіпсіз еңбек – ортақ жауапкершілік: бақылау, қорғау және серіктестік» атты кездесу ұйымдастырылды.
Жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті мен облыстық кәсіподақ ұйымының өкілдері және колледж, мектеп, балабақша басшылары қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – еңбек қауіпсіздігін сақтау, жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы ортақ жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы еңбек қатынастарына байланысты өзекті мәселелерді талқылау болды.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлері «Жетісу» жергілікті кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергеновтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың мәртебесін көтеру бағытында бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Соның ішінде мұғалімдердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету – басты назарда. Осыған орай апта бойы еліміздің барлық өңірлерінде «Ұстазға алғыс» апталығы аясында түрлі шаралар ұйымдастырылуда.
Шара барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ерленов Әкімғазы Рамазанұлы сөз сөйлеп, еңбек заңнамасын сақтау, қызметкерлердің құқығын қорғау мәселелеріне тоқталды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыс орнында заңдылықты сақтау, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы серіктестікті нығайту жайында өз ойларын ортаға салды.
Әсет Жұмаділов, Болат Тұрысбеков пен Шалқар Оразбаев сөз алып, әріптестерін мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Мекеме басшыларына біліктіліктерін арттырғанның белгісі ретінде сертификаттар табысталды.
Жиын соңында қатысушылар еңбек мәдениетін қалыптастыру – әр ұйымның ортақ жауапкершілігі екендігіне тоқталып, алдағы уақытта да мұндай кездесулердің жиі өткізілуі қажет деген пікір білдірді.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымның баспасөз қызметі