
ҚЫЗЫЛОРДАДА ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Жас ұрпақтың бойына білім мен парасат дәнін сепкен ардагер ұстаздардың ғибратты ғұмыры – өшпес өнеге, мәңгілік қазына. Олар әрбір шәкіртін қанаттандырып, өмірдің сан соқпағына бағыт берген жандар. Осындай еңбекке толы ғұмыр иелерін ұлықтау – кейінгі ұрпақ үшін тағылым, келешекке қалдырылған қастерлі аманат.
Осы мақсатта Қызылорда облыстық Білім басқармасы мен кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Саналы ғұмыр – сарқылмас өнеге» атты ардагер ұстаздарға арналған салтанатты шара өтті.
Шарада сөз алған Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы Асқарбек Темірбекұлы мен облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Гүлнар Бабабекқызы ардагер ұстаздарға жүрек түкпірінен шыққан шынайы алғыстарын білдіріп, олардың өмір жолына алтын әріптермен жазылған еңбегін айрықша құрметпен атап өтті. Ұстаздықтың қастерлі қызметі – ұлттың баға жетпес байлығы екенін, елдің еңсесін көтеріп, болашақтың шамшырағын жаққан ардагер ұстаздардың үлесі орасан зор екенін ерекше ілтипатпен жеткізді.
Мерекелік жиында барлық еңбегін мектепке арнаған ардагер басшылар мен мерейтой иелері ұлықталып, білім мен тәрбиенің көшін бастаған ұстаздарға құрмет көрсетілді. Бұл – елдің ертеңі үшін аянбай еңбек еткен ұлағатты жандарға деген халықтың алғысы мен ризашылығының айқын көрінісі.
Шара соңында Облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекенов Ғалым мырза бастаған ардагерлер кеңесі атынан ұстаздарға ізгі тілектер жолданып, олардың еңбегі келер ұрпаққа қастерлі қазына, сарқылмас өнеге екені атап өтілді.
Ұстазға тағзым – елге тағзым. Өмірлік жолын шәкірт тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздарымызға мықты денсаулық, сарқылмас жігер, отбасыларына амандық пен баянды ғұмыр тілейміз.