
КӘСІПОДАҚ БЕЛСЕНДІСІ
Қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында кәсіподақ ұйымдарының рөлі ерекше. Олар еңбеккерлердің құқықтарын қорғап қана қоймай, олардың кәсіби өсуіне, әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етеді. Осындай жауапты істі адалдықпен атқарып жүрген кәсіподақ белсенділерінің бірі – Ерниязова Жанар Аманқұлқызы.
Жанар Еиниязованың еңбек жолы 2004 жылы туған жеріндегі Қобда орта мектебінде басталды. Жас маман өзінің білімін шәкірт тәрбиелеуге арнап, ұстаздық жолдың алғашқы қадамдарын сәтті жасады.
2007 жылдан бастап Ш. Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінде қызмет етіп келеді. Бүгінде ол осы оқу ордасында кәсіби қызметін жалғастырып, талай шәкірттің өмір жолына бағыт беріп жүрген тәжірибелі маман.
2023 жылдан бастап Жанар Ерниязова колледждегі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін қоса атқарып келеді. Бұл қызмет – үлкен жауапкершілікті, табандылықты және әділдікті қажет ететін сала. Кәсіподақ белсендісі ретінде ол әріптестерінің кәсіби өсуіне, әлеуметтік жағдайының жақсаруына атсалысып, оқу орны ұжымының ауызбіршілігін нығайтуға елеулі үлес қосып жүр.
Еңбек пен қоғамдық жұмысты қатар алып жүрсе де, Жанар Ерниязова ең алдымен отбасы құндылығын жоғары қояды. Ол – сүйікті жар, үш баланың аяулы анасы. Екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп отырған ол балалардың болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Оның жетістіктері де жоқ емес, оқу ордасында бірнеше мәрте алғыс хаттар мен құрметке бөленіп, өзінің табандылығы мен еңбексүйгіштігін дәлелдеді. Әріптестерінің бірлігіне ұйытқы болып, жастарға өнеге көрсетіп келеді.