
КӘСІПОДАҚ БЕЛСЕНДІСІ
Қазіргі таңда білім саласында сапалы білім берумен қатар, ұстаздардың әлеуметтік құқықтарын қорғау, олардың кәсіби беделін арттыру мәселесі де маңызды. Осы орайда кәсіподақ ұйымдарының қызметі ерекше рөл атқарады. Өзінің табандылығымен, белсенді еңбегімен және қоғамдық жұмысқа деген жауапкершілігімен көзге түскен кәсіподақ белсенділерінің бірі – Исмагұлов Асылбек Болатұлы.
Асылбек Исмағұлов 1981 жылы 2 сәуірде Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Бөгетсай ауылында дүниеге келді. 1988 жылы туған ауылындағы Бөгетсай орта мектебінің табалдырығын аттап, 1999 жылы тәмамдады. Білімге құштар жас жігіт 2000-2003 жылдары Ақтөбе политехникалық колледжінде оқып, алғашқы мамандығын алып шықты. Кейін еңбек жолын өзі білім алған Бөгетсай орта мектебінде информатика пәнінің мұғалімі болып бастайды.
2003-2006 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде жоғары білім алып, «информатика» мамандығы бойынша кәсіби деңгейін шыңдады. 2002 жылдан бастап 2015 жылға дейін туған ауылындағы мектепте шәкірт тәрбиеледі.
2015-2016 оқу жылында Хромтау аудандық білім бөлімінде әдіскерлік қызмет атқарып, білім сапасын арттыруға өз үлесін қосты. Ал 2016 жылдың қазан айынан бастап Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің информатика пәнінің оқытушысы болып қызмет етіп келеді.
Асылбек Болатұлы тек оқытушылықпен шектелмей, шәкірттерін кәсіби жарыстарға дайындап, WorldSkills Kazakhstan қозғалысына белсене қатысуда. 2018 жылдан бастап мехатроника құзыреттілігі бойынша шәкірттері облыстық жарыстарда жеңімпаз атанып, республикалық деңгейде жүлделі орындардан көрініп келеді. Бұл – ұстаздың кәсіби шеберлігінің, шәкірт тәрбиелеудегі қажырлы еңбегінің айқын дәлелі.
Ұстаздық еңбектен бөлек, ол қоғамдық қызметте де белсенді. Колледжге келген күннен бастап бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары болып жұмыс істеп, 2020 жылдың ақпан айында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланды. Осы кезден бастап ол ұжым мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғап, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді.