
ЖАМБЫЛДА АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Атқару комитетінің кезекті отырысы Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың төрағалығымен өтті. Іс-шараның басты тақырыбы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын талқылау болды.
Күн тәртібіндегі мәселені талдай отырып, Ерұлан Мағзымбеков Жолдаудың әрбір бағыты сала қызметкерлері үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллектінің дамуы біздің қоғамға жаңа мүмкіндіктер ашады, сонымен бірге жаңа сын-қатерлерді де тудырады.
- Мемлекет басшысы білім беру жүйесін цифрландыру, ғылыми зерттеулерді қолдау және инновациялық жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Мұның барлығы да жасанды интеллектінің көмегімен іске аспақ. Ол еңбек нарығына әсер етпей қоймайды, жұмыс орындарын сақтау және жаңа мамандықтарды игеру қажеттілігі туады. Біз осы өзгерістерге дайын болып, білімді жетілдіру және цифрлық сауаттылықты арттыруымыз қажет, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Атқару комитетінің мүшелері Жолдаудың негізгі басымдықтарын талқылай келе Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға және Қазақстанның цифрлық трансформациясына өз үлестерін қосатынын жеткізді.
Жиында бұдан бөлек 2024-2026 жылдарға арналған облыстық салалық келісім мен ұжымдық шарттардың орындалуы, қызметкерлерге ұсынылатын қосымша әлеуметтік кепілдіктерді құқықтық реттеу мәселелері қаралды.
«Мұғалімдер күні» және «Кәсіподақтар күні» кәсіби мерекелеріне арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, «Үздік бастауыш ұйым - 2025» облыстық байқауын ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Атқару комитетінің назарынан дәстүрге айналған «Кәсіподақ барысы - 2025» облыстық турнирін ұйымдастыру мәселесі де тыс қалмады. Жиын соңында кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелеріне арналған сауықтыру жұмыстарының алғашқы қорытындылары жарияланып, алдағы кезеңге жоспарланған шаралар нақтыланды.
Алқалы жиынды қорытындылаған Ерұлан Мағзымбеков қатысушыларға белсенді пікірталастары үшін алғыс білдіріп, қабылданған шешімдердің сапалы әрі уақытылы орындалуына баса назар аударуға шақырды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-