
ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Ұстаз – ұрпақтың бойына білім мен тәрбиені дарытып қана қоймай, олардың өмірлік бағыт-бағдарын айқындайтын тұлға. Әсіресе, жас мамандардың тың идеялары мен жігерлі қадамдары ауыл мектептерінің дамуына серпін береді. Солардың бірі – Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданының мақтанышы, жас кәсіподақ мүшесі, спортшы әрі ұстаз Айдын Сейтқалиұлы Шибаев.
Айдын Сейтқалиұлы 2000 жылы Қарғалы ауданы, Бадамша ауылында дүниеге келген. 2021 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын тәмамдап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында еңбек жолын туған ауылындағы Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасынан бастады. Қазіргі таңда еңбек өтілі – 4 жыл, санаты – педагог-модератор.
Ол аталған білім мекемесінде спорттық үйірмелердің жұмысын жүйелі ұйымдастырып келеді. Әр баланың спортқа деген қызығушылығын арттыруға, жоғары нәтиже мен сапалы жетістікке жетелеуге ерекше көңіл бөледі. Мектеп әкімшілігімен бірлесе отырып, педагогтардың біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу, семинарлар өткізу ісіне белсене қатысады.
Айдын Сейтқалиұлы – аудандық, облыстық, республикалық деңгейде жетістікке жетіп жүрген жас маман. Ол өзінің жеке жеңістерімен ғана емес, шәкірттерін де үлкен додаға дайындап, жүлделі орындарға қол жеткізіп жүр.
Жас кәсіподақ мүшесі әрі табанды ұстаздың еңбегі – ауыл спортының өркендеуіне қосылған зор үлес.
-
Фото
-