
МЕКТЕПКЕ ДАЙЫНДЫҚ - КӘСІПОДАҚПЕН БІРГЕ
Жаңа оқу жылы қарсаңында Маңғыстау ауданының білім кәсіподағы «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтік маңызы зор шара өткізді.
Акция аясында Маңғыстау ауданына қарасты 43 білім мекемесінен барлығы 86 оқушыға мектепке қажетті сөмкелер мен оқу құралдары табысталды. Бұл – жаңа оқу жылын шаттықпен, толық дайындықпен бастауға жасалған үлкен қолдау. Оқушыларға жолданған көмектің ішінде дәптерлер, қаламсаптар, сызғыштар, қарындаштар және басқа да оқу жабдықтары қамтылды. Сөмкелер мен құрал-жабдықтар оқушы жасына сай іріктеліп, арнайы дайындалды.
Шара барысында кәсіподақ ұйымының төрайымы А.Шугурова балалар мен ата-аналарды келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтап, сәттілік тіледі.
Маңғыстау ауданы білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы бұдан кейін де әлеуметтік қолдауға бағытталған түрлі іс-шараларды жалғастырып, қайырымдылық бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
К.Саржанова,
Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Ә.Кекілбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы