
АБАЙ МЕН ӘЙГЕРІМ - ӨМІР МЕН ЕҢБЕКТЕ ҚАТАР ЖҮРГЕН ҮЛГІЛІ ҰСТАЗДАР
Ұлы ақын, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының ғұмыр жолы, өлеңдері мен өсиеттері ғасырлар бойы ұрпаққа үлгі болып келеді. Абайдың өмірінде ерекше орын алған жары Әйгеріммен арасындағы сыйластық пен бір-біріне деген қолдауы – бүгінгі жас отбастар үшін тағылым. Бұл өнегелі жұптың бейнесін біз бүгінгі күнде де көреміз. Солардың бірі – Шалқар қаласында еңбек етіп жүрген Сатыбалдин Абай Зиядинұлы мен Үмбеталина Әйгерім Бисембіқызы.
«Ұстаздық еткен жалықпас…» – Абайдың еңбек жолы
Сатыбалдин Абай Зиядинұлы 1982 жылы 2 мамырда Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келген. 1999 жылы Ә.Жангелдин атындағы орта мектепті тәмамдап, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекттік университетінің дене шынықтыру факультетінде білім алды. 2003 жылдан бері №1 мектеп-гимназияда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі спорт жаттықтырушысы болып еңбек етіп келеді. Ол педагог-зерттеуші санатына ие, аудандық және облыстық спорт сайыстарында жүлделі орындар иеленіп, әріптестеріне де, шәкірттеріне де салауатты өмір салтын насихаттап жүр. Мәселен, мұғалімдер арасында өткен спортакиадаларда үстел теннисі мен волейболдан І орын (2022, 2023 жж.) иеленсе, аудандық волейбол біріншілігінде де жеңімпаз атанған (2025 ж.).
Мейірім мен білімнің иесі – Әйгерім
Үмбеталина Әйгерім Бисембіқызы 1987 жылы 28 тамызда Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келген. 2009 жылы С.Бәйішев атындағы университеттің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын тәмамдап, ұстаздық жолын бастады. 2013 жылдан бері Ә.Жангелдин атындағы орта мектепте «Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі ретінде шәкірт тәрбиелеуде.
Әйгерімнің еңбегі аудандық, облыстық, тіпті республикалық деңгейде бағаланды. Ол «Ең үздік өзін-өзі тану пәні мұғалімі» республикалық байқауында ІІ орын алып, бірнеше ғылыми мақалалары мен әдістемелік еңбектері жарық көрді. Шәкірттері түрлі шығармашылық, өнер және білім сайыстарында жүлделі орындарға ие болып келеді.
Отбасындағы және еңбектегі бірлік
2009 жылы шаңырақ көтерген Абай мен Әйгерім бүгінде төрт баланың ата-анасы. Олар тек өз отбасына ғана емес, қоғамға да өнеге. Екеуі де бір-бірінің кәсіби дамуына қолдау көрсетіп, ортақ мақсат – жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне күш біріктіріп келеді.
Абай Құнанбайұлы мен Әйгерім арасындағы сыйластықты еске алсақ, бүгінгі Абай мен Әйгерім де сол дәстүрді жалғастырып, шәкірт жүрегіне білім мен ізгіліктің дәнін сеуіп жүргендей. Сонымен қатар Абай мен Әйгерім кәсіподақтың белсенді мүшелері. Кәсіподақ ұйымдастыратын түрлі спорттық, мәдени және әлеуметтік шараларға үнемі қатысып, әріптестеріне үлгі болып келеді.
Өнегелі өмір – ұрпаққа аманат
Бүгінде Сатыбалдиндер әулеті – Шалқардағы ұстаздар қауымына үлгі. Олар өмірде де, еңбекте де серіктес болып, шәкірт тәрбиелеу ісіне адал қызмет етіп келеді. Абайдың 180 жылдығында олардың өмір жолы мен ұстаздық еңбегі ұлы ойшылдың «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деген өсиетінің бүгінгі шынайы көрінісі.
-
Фото
-