
КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНІҢ САЯХАТ ПЕН САУЛЫҚ ЖОЛЫНДАҒЫ СӘТТІ ЖАЗЫ
Ақтөбе облысының Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы өз мүшелерінің демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыруды дәстүрге айналдырып келеді.
Биылғы жазғы маусымында кәсіподақтың қолдауымен аудан ұстаздары мен білім саласы қызметкерлері еліміздің әр өңіріндегі таңдаулы шипажайларда демалып қайтты. Атап айтқанда, Алға және Сарыағаш өңірлерінде орналасқан емдік-сауықтыру орындарында кәсіподақ мүшелері шипалы суға түсіп, медициналық процедуралардан өтіп, толыққанды тынығу мүмкіндігіне ие болды.
Сауықтыру бағытынан бөлек, аудандық кәсіподақ ұйымы рухани-танымдық демалысқа да ерекше мән берді. Кәсіподақ мүшелерінің келесі легі еліміздің көрікті мекендерінің бірі Бурабай өңіріне тарихи-танымдық саяхатқа аттанып, табиғаты тамаша аймақты аралап, тарихи орындармен танысты. Сонымен қатар бір топ ұстаз Қарғалы ауданындағы табиғи көрінісімен көз тартатын Қасқыр сарқырамасына барып, табиғат аясында белсенді демалыс өткізді.
Сонымен қатар алдағы күндері кәсіподақ мүшелерінің бір бөлігі Қостанай облысында орналасқан табиғаты әсем “Сосновый бор” шипажайында барып, табиғат аясында тынығып, емдік шаралар арқылы денсаулықтарын нығайту мүмкіндігіне ие болады. Осындай жан-жақты қамтылған жазғы демалыс шаралары білім қызметкерлерінің еңбекке деген серпінін арттырып, жаңа оқу жылына тың күшпен оралуына үлкен септігін тигізері анық.
-
Фото
-