
ЕҢБЕК АДАМЫНА ҚҰРМЕТ
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ақтау қаласы «№1 жалпы білім беру мектебі» КММ кәсіподақ мүшесі Абдуралиева Қанипа Хамзақызы туралы сөз қозғаймыз.
Еңбек ұжымының бірлігі мен әлеуметтік әділеттілікті сақтау жолында кәсіподақ ұйымдарының рөлі ерекше.
Канипа Хамзақызы мектеп тазалығы мен тәртібінің сақталуына тікелей жауапты, ұжым үшін тыныштық пен тазалықтың символы десек артық айтқандық емес. Ол өзіне жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен, ұқыптылықпен атқарып келеді.
1999 жылы Ақтау қаласына келіп, еңбек жолын аталған білім ошағында бастаған ол ұйым тазалығын сақтау бағытында табанды еңбек етіп келеді. Өз ісіне деген сүйіспеншілігі, адалдығы оны ұжым арасында үлкен беделге жеткізді.
Еңбекке араласқан күннен-ақ кәсіподақ мүшесі ретінде танылған кіші қызметкер үлкен адамгершілік пен мейірімділік иесі. Ол әріптестері мен оқушыларға ілтипатпен қарап, ұжымдағы жағымды атмосфераның қалыптасуына үлес қосып келеді. Ұжымы оны салмақты, еңбекқор, шыншыл, жанашыр жан ретінде сипаттайды.
Канипа Хамзақызының кәсіподақ саласындағы еңбегі елеусіз емес. Ол бірнеше рет алғыс хаттармен марапатталған. Бұл оның еңбегіне деген сүйіспеншілігі мен адалдығының және адами қасиеттерінің нақты дәлелі. Ол мектеп кәсіподақ ұйымының тұрақты және белсенді мүшесі. Ұжым ішіндегі әлеуметтік, мәдени іс-шаралар мен мерекелік жиындарға үнемі қатысады. Кәсіподақ тарапынан ұйымдастырылған сенбіліктер, тимбилдингтер мен көмек көрсету шараларынан шет қалмай, әрдайым қолдау білдіреді.Әсіресе еңбеккерлердің құқықтары мен әлеуметтік жағдайларын қорғау ісінде кәсіподақтың маңызын жақсы түсініп, оның беделін арттыруға күш салып келеді. Оның қарапайым болмысы мен адал еңбегі көпшілікке үлгі. Осындай жандардың арқасында мектеп өмірі тәртіпке, тазалыққа, адамгершілікке толы.
Б.Күлмаганбетова,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы №1 мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі