
ҚР КФ XXVII СЪЕЗІНІҢ ДЕЛЕГАТЫ ТУРАЛЫ
Таныс болыңыздар…
АЙТОЛҚЫН БОЛАТБЕКҚЫЗЫ ҚЫЗЫРБЕКОВА – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы, Жетіарал ауылында 1997 жылдың 4 қазанында дүние келген.
Білім жолындағы ізденістері оны 2013-2017 жылдары ШҚО Абай атындағы гуманитарлық колледжге жетелеп, «Тәрбие жұмысын ұйымдастырушы» мамандығын үздік дипломмен тәмамдауына себепші болды. Алған білімін іс жүзінде қолдану мақсатында 2017-2019 жылдары Өскемен қаласындағы «№47 жалпы білім беретін мектебі» КММ-де педагог-ұйымдастырушы болып еңбек етті. Білімге деген құштарлығын арттыра түскен Айтолқын 2017-2020 жылдары С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да «Биология» мамандығы бойынша білім алды.
2019 жылы отбасын құрып, жаңа өмірге қадам басты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы «Асусай» мектеп-балабақша кешені» КММ тәлімгер болып орналасты. Асусай мектебінде 5 жыл бойы кәсіподақ төрағасы қызметін абыроймен атқарып келеді. 2022-2024 жылдары информатика бакалавры дипломын иеленді. Бүгінде Айтолқын – мектеп тәлімгері, аудан тәлімгерлерінің шығармашылық топ мүшесі, информатика пәнінің мұғалімі, сондай-ақ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.
Айтолқын Болатбекқызының жетістіктері мен марапаттары да аз емес. Аудандық кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған тоғызқұмалақ жарысында ІІІ орынды иеленсе, Тәуелсіздік күніне орай Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің құрмет грамотасына ие болды. ШҚО білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Жас кәсіподақ көшбасшысы» байқауының облыстық кезеңінде топ жарды.
Республикалық «Үздік тәлімгер» байқауында І орынды қанжығасына байласа, жас кәсіподақ мүшелері арасында ұйымдастырылған «Мен Ұстазбын» эссе байқауында да І орынды иеленді. Аудандық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде ІІ орынға лайық деп танылды. Қазақстан Республикасы педагогтар қоғамының шешімімен «Жас Ұстаз» төсбелгісімен марапатталды. Оның тәлімгерлігімен мектеп оқушылары Республикалық «Үздік мектеп парламенті» байқауының жеңімпазы атанды. Еңбектері республикалық жинаққа еніп, «Үздік педагогикалық мақала» республикалық сайысының «Үздік мақала» номинациясында І орынды иеленді.
Кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде Айтолқын ұжым мүшелерінің құқықтарын қорғайды, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге және жақсы жұмыс жағдайларын жасауға тырысады. Ол ұжымда достық қарым-қатынасты орнатуға, мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға және қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізеді.
Айтолқынның осындай көп қырлы қызметі оның білім беру саласына қосқан үлесі зор екендігін дәлелдейді. Ол – өз ісіне берілген, жаңашылдыққа ұмтылатын және әрқашан да оқушылары мен әріптестеріне көмек қолын созуға дайын тұратын нағыз ұстаз.
Шығыс Қазақстан облысы жергілікті кәсіподағы