
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының ХХVII съезінің делегаты туралы
Таныс болыңыздар…
КАСЕНОВА НАЗГУЛЬ БАЗАРБАЕВНА – «Шығыс Қазақстан облысы оқу-ағарту, жоғары білім, ғылым және басқа бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтарының Халықаралық бірлестігінің тексеру комиссиясының мүшесі, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Атқару Комитетінің мүшесі, «АМАНАТ» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі облыстық кеңесінің мүшесі.
Жоғары оқу орнын «Тарих және мемлекеттік құқық мұғалімі», «Тәрбие жұмысының әдіскері» мамандықтары бойынша бітіріп, алғашқы еңбек жолын Өскемен қаласындағы Ленин атындағы орта мектеп-интернатында аға тәлімгер болып бастады. Ұжымдағы тәжірибелі мамандардың кеңесін тыңдай жүріп білімін жетілдірді. Жаңашылдықтарды үйренуден жалықпады. Еңбегінің арқасында түрлі лауазымдық қызметтерге тағайындалды. Мектеп меңгерушісі, Ұлан ауданының оқушылар үйінің директоры, Ұлан аудандық білім бөлімінің гуманитарлық цикл және шет тілдері бойынша әдіскері, Ұлан ауданы білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы, Ұлан ауданы білім бөлімінің басшысы қызметтерін атқарып жүріп өзін білікті маман, басқарудың тиімді әдістерін қолдана алатын заманауи басшы ретінде танытты.
Облыста кәсіподақ жұмысын жетілдіру, мүшелікке ынталандыру, жастарды тарту, белсенділерді оқыту жұмыстарын басты назарында ұстайды. Облыстың мықты кәсіподақ активін біріктіріп, оқыту арқылы кадрлық резерв құрды. Ұжымдардың мәселелерін жоғары тұрған ұйымдар, Үкімет, депутаттар алдында көтеріп, шешімін таппаған сұрақтарды шешуге тырысады.
Назгуль Базарбаевна халықаралық деңгейде өткен шараларға шақыру алды:
- Баку қаласында әзербайжан әріптестерімен кәсіподақ мүшелерінің құқықтық мәселелерін зерделеу бойынша тәжірибе алмасып, ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсіміне қатысты.
- «Жаңа жағдайда Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру және пандемиядан кейінгі кезеңдегі білім беру үдерісінің трансформациясы» тақырыбында мұғалімдер мен басқа да білім беру қызметкерлерінің VII съезінің делегаты болды. Секцияның бірінде әлеуметтік серіктестік туралы сөз қозғап, серіктестік мемлекетаралық білім беру ынтымақтастығын нығайтатындығын білдірді.
- Халықаралық еңбек ұйымының және Еуропалық білім беру кәсіподақтары комитетінің қолдауымен «Қазақстан, Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы негізгі еңбек құқықтары және білім қызметкерлерінің лайықты еңбегін қамтамасыз етудегі халықаралық кәсіподақ қозғалысының міндеттері» тақырыбында халықаралық конференцияға қатысып, педагогикалық кәсіптің мәртебесін арттыру бойынша бағдарламалық құжатын іске асыру жолдары туралы тәжірибесімен бөлісті.
- Анталияда өткен «Әйелдердің әлеуметтік және еңбек өміріндегі рөлі» тақырыбындағы түркі әлемінің әйелдер конгресіне қатысты. Форум аясында «Әйелдердің еңбек өміріндегі құқықтары» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстандағы әйелдер еңбегінің мәселелері туралы айтты. Назгуль Базарбаевна Еуразиялық білім одақтарының Халықаралық одағының қолдауымен ұйымдастырған Түркі әлемінің қоғамдық және еңбек өміріндегі әйелдер Конгресіне құнды идеялар енгізгені үшін Сертификат берілді.
- Беларусь Республикасының Минск қаласында қазақстан делегациясының құрамында болып білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтарының Халықаралық қауымдастығының VII съезіне қатысты.
Саналы ғұмырын білім саласына, кәсіподақ өміріне арнаған Назгуль Базарбаевна мемлекеттік, ведомстволық, мерейтойлық және кәсіподақ марапаттарының иегері: Құрмет грамоталарымен, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына айрықша сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, «Ұлан ауданына 90 жыл» төсбелгісі, «Шығыс Қазақстан кәсіподақтарына – 100 жыл» төсбелгісі, Кәсіподақтардағы белсенді жұмысы үшін» медалі, «Балалық шақ досы» медалі.
Назгуль Базарбаевна сала қызметкерлерінің мүддесі үшін еңбек етіп, әріптестер арасында абыройға ие болған көшбасшылардың бірі.