
«ЖҰМЫСКЕРЛЕР МЕН ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН РЕТТЕУ» СЕМИНАРЫ
✅Ақтөбеде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысқан маңызды семинар өтті. «Жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек қатынастарын реттеу» тақырыбын арқау еткен бұл жиын білім саласындағы еңбек қатынастарын заң аясында ұйымдастыру, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталды.
🖇️Семинар Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының, Ақтөбе облыстық білім басқармасы мен Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы Комитетінің бастамасымен ұйымдастырылды. Бұл бастама еңбек қатынастарына қатысты мәселелерді жан-жақты талқылауға, тәжірибе алмасуға және тиімді шешімдер ұсынуға мүмкіндік берді.
🗞️Іс-шара барысында қатысушыларға еңбек заңнамасындағы өзгерістер, оны практикада қолдану жолдары мен кездесетін қиындықтар туралы кең көлемде ақпарат ұсынылды. Семинарда Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының заңгері Александр Алимпиев, Ақтөбе облыстық білім басқармасының Әкімшілік жұмыстар, персоналды басқару және педагог кадрлармен жұмыс бөлімінің басшысы Арсен Хасен, сондай-ақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Алимов, Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы Комитеті департаментінің бөлім басшысы Анара Қасенова мен бас маман Лейла Есалиева мазмұнды баяндамалар жасады.
📃Семинар барысында жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек қатынастарын құқықтық реттеу, оның ішінде білім беру саласы қызметкерлерінің еңбек құқығын қорғау – басты назарда болды. Әсіресе, қызметкерлер мен оқытушыларды еңбек шартында және лауазымдық міндеттерінде көрсетілмеген тән емес (бейінді емес) жұмыс түрлеріне тартуға жол бермеу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 92-бабына сәйкес еңбек демалысы үшін тиісті сомаларды белгіленген мерзімде төлеу қажеттілігі туралы сөз қозғалды. Демалыс қарсаңында төлемақының кешіктірілуі жұмыскердің заңды құқығын бұзып қана қоймай, әлеуметтік тұрақсыздыққа да алып келуі мүмкін екені атап өтілді.
📝Бұдан бөлек, семинарда жұмыс берушілер тарапынан міндетті әлеуметтік аударымдар мен өзге де төлемдердің мерзімінде және толық көлемде төлену тәртібі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл төлемдердің уақытылы орындалуы қызметкерлердің әлеуметтік қорғауын қамтамасыз етудің маңызды тетігі екендігі айтылды.
🧩Семинар аясында ұжымдық шарт жасасу тәртібі де кеңінен қарастырылды. Ұжымдық шарт – жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы өзара міндеттемелер мен кепілдіктерді нақты белгілейтін маңызды құқықтық құжат. Оның мазмұны мен жасалу тәртібі туралы нақты ақпарат ұсынылып, тәжірибедегі кейбір олқылықтар мен оларды болдырмау жолдары талқыланды.
🔹Семинар соңында қатысушылар білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасын қатаң сақтау ұжым ішіндегі тұрақтылық пен әділетті еңбек жағдайын қалыптастырудың негізгі кепілі екендігін алға тартты. Сонымен қатар, заң талаптарын сақтай отырып жұмыс жүргізу жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы сенімді нығайтып, еңбек өнімділігіне де оң әсер ететіні атап өтілді.
📍Басқосу қорытындысы бойынша қатысушылар ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, еңбек саласындағы құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында бірлесе жұмыс істеуге ниетті екендіктерін білдірді. Алдағы уақытта осындай тәжірибелік бағыттағы кездесулерді жиі өткізу туралы ұсыныс айтылып, өзара серіктестіктің маңыздылығы тағы бір мәрте дәлелденді.
Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-