
АКЦИЯ «КӘСІПОДАҚ – МЕН ҮШІН… ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ»
САРУАРБЕКОВА АЙГАНЫМ АРЫСТАНБЕКҚЫЗЫ, Шымкент қаласындағы №3 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің меңгерушісі:
«Егер сен түзету кабинетінің меңгерушісі болсаң — сені ешкім байқамайды. Сен мектеп емессің, балабақша да емессің, тіпті орталық та емессің. Бірақ артыңда — ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар, мұғалімдер, жүктеме, есеп бар.
Менен: «Сендер мектеп емессіңдер ғой — қандай ставка? Ол қайда жазылған?» — деп сұрады.
Осыған байланысты мен кәсіподақтың көмегіне жүгіндім.
Нәтижесінде, Шымкент қаласының Білім басқармасы мен Білім және ғылым қызметкерлерінің Шымкент қалалық кәсіподағы арасындағы әлеуметтік әріптестік жөніндегі Өңірлік келісімнің 4.13-тармағына сәйкес «басқарманың келісімімен білім беру ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарларына қосымша педагогикалық жұмыс толық жалақымен, нормативтік оқу жүктемесінің 0,5 мөлшерінен аспайтын көлемде рұқсат етіледі.»
Дәл осы тармақ негіз болды. Мен өтініш жасаған кезде «ППТК меңгерушісіне 0,5 ставка рұқсат етіледі» деген нақты бұйрық болмаған.
Біз осылайша барлық білім беру ұйымдары басшыларын, соның ішінде түзету кабинеттерін де қамтитынын дәлелдедік. ППТК — «ережеден тыс» мекеме емес, қосымша білім беру жүйесінің толыққанды мүшесі екенін көрсеттік. Нәтижесінде шешім қабылданып, маған 0,5 ставка ресми түрде бекітілді. Кейін осыған сүйеніп, қаладағы басқа ППТК меңгерушілері де өз құқықтарын қорғап шықты.
Адамдар алғыстарын айтты, мен кәсіподақты жай ғана формалды емес, нақты нәтиже беретін жүйе екендігін көрсеттім. Шымкент қалалық кәсіподақ комитетінің командасына алғыс білдіремін. Біз біргеміз — мен бұған қуаныштымын!»
Шымкент қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі