
БОЛАШАҚҚА ЖОЛ АШҚАН ФОРУМ
Ақтөбе облысының Темір ауданында «Білім. Сенім. Кәсіподақ жастары» атты ауқымды форум өтті. Аталған шара Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығына орай ұйымдастырылды. Форумның басты мақсаты – білім саласындағы жастарды қолдау, олардың кәсіби әлеуетін дамыту, шығармашылығы мен қоғамдық белсенділігін арттыру болды.
Іс-шара Темір аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының жанынан құрылған Жастар кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылды. Форумға ауданға қарасты 49 білім беру мекемесінен келген жас мамандар қатысты. Шараның салтанатты ашылуында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының бас мамандары Айжарық Серімбетов пен Сандуғаш Дүйсенбаева қатысып, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Айжарық Серімбетов өз сөзінде кәсіподақ ұйымдарының білім саласындағы жастарды қолдауға бағытталған нақты бастамаларын атап өтті. Ол кәсіподақтың басты мақсаты – жас мамандардың кәсіби дамуына қолдау көрсету, кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау, сонымен қатар шығармашылық әлеуетін ашуға жағдай жасау екенін баса айтты.
Сандуғаш Дүйсенбаева да кәсіподақтың жас педагогтар үшін атқарып жатқан жүйелі жұмыстарын тілге тиек етті. Ол аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының жанынан құрылған Жастар кеңесінің бастамасымен өткізіліп жатқан шаралардың жас мамандардың тәжірибе алмасуына және тұлғалық қалыптасуына зор ықпал ететінін жеткізді.
Сөз соңында облыстық ұйым өкілдері білім саласында еңбек етіп жүрген жастарға үлкен сенім артылатынын айтып, олардың ізденісі мен белсенділігі ел болашағы үшін маңызды екенін жеткізді. Форум жұмысына сәттілік тілеп, жиналған жас мамандарды жаңа идеялар мен бастамаларға ұмтылуға шақырды.
Форум аясында Қызылжар орта мектебінде «Aqyl майдан!» атты қызықты QUIZ-интеллектуалды ойыны өтті. Шара алты тур бойынша жүргізіліп, қатысушылар білімдері мен тапқырлықтарын сынады. Интеллектуалды сайыстан кейін жастар рухани-мәдени бағыттағы саяхатқа шықты. Алдымен Досжан Хазірет атындағы аспан асты мұражайына, кейін жаңадан ашылған Темір аудандық мұражайына барды. Бұл тарихи-танымдық сапар жастардың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттырды.
Мұражайдан кейін қатысушыларға Орталық стадионға дейін автошеру ұйымдастырылды. Автошеруге қатысқан жас педагогтар айрықша патриоттық рух пен ұйымшылдық танытты. Бұл көрініс форумның ерекше сәттерінің біріне айналды.
Шараның ең әсерлі бөлігі Орталық стадионда өткен гала-концерт болды. Онда 200-ден астам білім саласының жастары бас қосты. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұралы, аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Қарабалина және аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Назгүл Сәбенова қатысып, жас мамандарға жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, олар форумның тек кездесіп, ой бөлісу алаңы ғана емес, жастардың көшбасшылық қабілеттерін арттырып, өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды платформа екенін айтты. Жастардың кәсіподақ қозғалысына белсене араласуы – болашақта сапалы білім мен әділетті еңбек жағдайларының негізі болатынын ерекше атап өтті.
Форум аясында белсенді жастар аудан әкімінің, аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар үздік жастарға кәсіподақ тарапынан ақшалай сыйақылар мен Бурабай өңіріне демалыс жолдамалары табысталды.
Кеш соңында форум концерттік бағдарлама мен жарқыраған отшашуға ұласып, қатысушыларға ұмытылмас әсер қалдырды. пен білім саласы арасындағы сенімді әріптестікті одан әрі тереңдете түсті.
-
Фото
-