
ЖАҢА БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ ҚҰРЫЛДЫ
Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың тапсырмасымен өткен оқу жылында құрылған Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Оқу ордасының мәжіліс залында өткен жиынға Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының бас мамандары Айдарбек Бектабанов пен Есбол Мұханбетқалиев және Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қатысты.
Университеттің профессор оқытушылар құрамы мен қызметкерлермен болған жиынды Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, жүргізді.
- Кәсіподақтың басты міндеті – еңбек адамының еңбек қатынастарында туындайтын мәселелерін шешу. Осы ретте алдарыңызға «Еңбек ұжымына бастауыш кәсіподақ ұйымы қажет пе?» деген сауал қойып отырмын. Кәсіподақтың қажет немесе қажет емес екендігін ұжым мүшелері ғана шешеді. Таңдау еркі өздеріңізде, - деген Ерұлан Сәбенұлының ұсынысы университет қызметкерлері тарапынан қолдау тауып, жиын өз тәртібімен талапқа сай жүргізілді.
Жиында сөз алған Салалық кәсіподақтың Орталық комитетінің бас маманы Айдарбек Бектабанов бастауыш кәсіподақ ұйымының не үшін керек екендігіне тоқталып, түсіндіріп өтті. «Кәсіподақ ұйымына мүше болған әр еңбек адамының құқығы ұжымдық шарт негізінде қорғалады. Кәсіподақ мүшесі тиісті сауықтыру шараларымен де қамтылады. Қандайда бір сұрақ туындаса, тек кәсіподақ мүшесіне тиісті деңгейде құқықтық көмек беріліп, мүдделері қорғалады», - деп атап өтті.
Мұнан соң күн тәртібі бекітіліп, комитет құрамы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы сайланды. Ашық сайлау нәтижесінде 9 адам комитет құрамына сайланса, төрағалыққа ұсынылған 2 үміткердің арасынан басым дауысқа ие болған университет оқытушысы Мұхтар Усупов төраға болып сайланды. Сондай-ақ, Бақылау тексеру комиссиясының құрамы бекітілді.
Университет қызметкерлері алдында тұрған келесі таңдау - ол мүшелік ұйым ретінде республикалық Орталық комитет құрамында болу немесе өңірлік салалық кәсіподаққа бағынысты ұйым болып қалу еді. Бұл сұрақта да ұжым мүшелері өз көзқарастарын ортаға салып, талқылаулардан кейін Жергілікті кәсіподаққа мүше болуды таңдады. Осылайша Жергілікті салалық кәсіподақ ұйымы тағы бір айтулы, ұлттық университет мәртебесіне ие бастауыш кәсіподақ ұйымымен толықты.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-