
ОЙЫЛДА ЖАС КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫНЫҢ ФОРУМЫ ӨТТІ
Ойыл ауданында жас кәсіподақ көшбасшыларына арналған форум өтті. Форумды Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының жанынан құрылған Жастар кеңесі ұйымдастырды.
Аталған басқосу Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығы мен Кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы аясында ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – жас мамандардың кәсіби өсуіне көмектесу, білімдерін тереңдету, біліктіліктерін арттыру және тәжірибелерін практикада қолдануға мүмкіндік беру. Форум “Шұғыла” мәдениет және демалыс орталығында өтті.
Форум бағдарламасы бірнеше бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде “Дарынды ұстаз – талантты шәкірт” жобалық көрмесі ұйымдастырылды. Одан кейін қатысушыларға арнап Ойыл аудандық білім бөлімінің және облыстық кәсіподақ ұйымының өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, кәсіподақ қозғалысының тарихи маңызы мен бүгінгі рөліне тоқталды.
Іс-шара аясында “Кәсіподаққа – 100 жыл” тақырыбындағы деректі фильм көрсетіліп, QUIZ форматында зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Зияткерлік ойын жастарға өз білім деңгейін саралап, тарихи деректер мен кәсіподақ қозғалысының маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл ойын олардың ой-өрісін дамытуға, логикалық ойлау қабілетін арттыруға және командалық жұмысқа бейімделуіне ықпал етті. Одан кейін форумға қатысушылар Ш.Берсиев атындағы өлкетану Ойыл мұражайы, “Бай көпес Красавиннің үйі”, “Көкжар жәрмеңкесі” сынды тарихи-мәдени орындарға экскурсия жасады.
Түстен кейін Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнаш Дінжанова “Жас кәсіподақ көшбасшылары: Тәжірибе және қолдау” тақырыбында панельдік пікірталас ұйымдастырып, жас мамандармен тәжірибе бөлісті.
Форум соңында белсенді жастарға аудандық кәсіподақ ұйымының сыйлықтары мен Бурабай өңіріне саяхатқа жолдамалары табысталды. Сондай-ақ, ауданның көп балалы жас ұстаздары Әйтеке-Әйгерім Хамитовтерге ерекше құрмет көрсетілді.
Форум соңы шағын концерттік бағдарламамен аяқталды. Бұл форум жас мамандарға кәсіподақтық қозғалыстың мән-маңызын түсінуге, өз білімдері мен тәжірибелерін шыңдауға мүмкіндік берген маңызды алаң болды.
-
Фото
-