
ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК АЯСЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының өкілдері Ойыл ауданына арнайы жұмыс сапарымен барды. Бұл іссапардың басты мақсаты – аудан аумағындағы білім беру мекемелеріндегі кәсіподақ ұйымдарына әдістемелік көмек көрсету, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік аясындағы мәселелерді талқылау болды.
Жұмыс сапары барысында облыстық кәсіподақ ұйымының мамандары Ойыл қазақ орта мектебінде, «Жолшы» бөбекжай-бақшасында және аудандық Музыка мектебінде болды. Аталған білім мекемелерінде олар бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмыс құжаттарын зерделеп, құжат айналымы мен ішкі ұйымдастыру ісіне байланысты нақты ұсынымдар мен кеңестер берді. Бұл жұмыстар кәсіподақ ұйымдарының құқықтық, ұйымдастырушылық және әлеуметтік бағыттардағы қызметін жетілдіруге бағытталды.
Сапар аясында облыстық кәсіподақ ұйымының өкілдері ұжыммен кездесу өткізіп, кәсіподақ мүшелерін толғандырған өзекті мәселелерге тоқталды.
Сонымен қатар білім беру мекемелерінің басшыларымен де арнайы кездесулер ұйымдастырылып, әлеуметтік әріптестік туралы келісімде көрсетілген міндеттемелердің орындалу барысы талқыланды. Кәсіподақ ұйымы мен білім беру мекемесі арасындағы ынтымақтастықты нығайту – ұстаздардың еңбек жағдайын жақсартуға, құқықтарының сақталуына және кәсіби дамуына жол ашатын маңызды фактор екендігі атап өтілді.
-
Фото
-