
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз бұл жай ғана мамандық емес, үлкен жауапкершілік пен шексіз мейірімділікті талап ететін ұлы есім. Осындай мәртебелі де мағыналы жолды асқан сүйіспеншілікпен жалғастырып келе жатқан маман – Қызылорда қаласындағы №39 «Қызылөзек» орта мектебінің физика пәні мұғалімі Тойбазарова Жанар Артығалиқызы.
Жанар Артығалиқызы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу грантын жеңіп алып, физика пәні мұғалімі мамандығын үздік аяқтаған үздік түлек. 2014 жылдан бері ұстаздық жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан білікті маман бүгінде 10 жылдық тәжірибесі бар сарапшы санатындағы педагог.
Ұстаздық қызметте ол әрбір шәкіртінің бойындағы талантын ашып, оларды өз бетінше ізденуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге баулиды. Жанар Артығалиқызы – жаңашыл ойлайтын, үнемі ізденіс үстінде жүретін кәсіби маман. Әріптестері мен ата-аналардың, шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленіп жүрген абзал жан.
Жанар Тойбазарова түрлі деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы. Ол Қызылорда қаласы әкімінің «САМҒАУ» жастар сыйлығының иегері. Сонымен қатар «Aqyl Battle», «Qosyl Quiz», «Сәттілікке қадам» секілді қалалық зияткерлік байқауларда жүлделі орындарға ие болған.
Шәкірттері де әрдайым биіктерден көрініп келеді. Қалалық, облыстық, республикалық білім сайыстарында жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Атап айтқанда, 2022–2024 жылдары республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде шәкірттері Айымжан Таңатарова мен Іңкәр Ғанибек ІІІ орынды иеленсе, 2024 жылы Мерейлі Сексенбаева «Менің Отаным – менің бастамам» атты республикалық ғылыми жобалар байқауының қалалық кезеңінде І орын, облыстық кезеңінде ІІІ орынға ие болды. Ал 2025 жылы «Қазақстанның 7 кереметі» номинациясы бойынша ІІІ орынды жеңіп алды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халқымыз. Саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп жүрген Жанар Артығалиқызының еңбегі – көпке үлгі, жас мамандарға жол көрсететін жарқын мысал.