
СПАРТАКИАДА – БІРЛІК ПЕН БЕЛСЕНДІЛІКТІҢ АЙҚЫН КӨРІНІСІ
Жетісу өңірінде білім беру саласының қызметкерлеріне арналған айтулы оқиға – облыстық спартакиада өз шымылдығын түрді. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл іс-шараның биылғы ұйымдастырушысы – Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы мен Дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығы.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қарасты педагогтар мен қызметкерлер арасында өткізілген бұл спорттық дода – салауатты өмір салтын насихаттап, ұжымішілік ынтымақтастықты нығайтудың, сондай-ақ дене тәрбиесін жүйелі дамыту мен бұқаралық спортты қолдаудың нақты көрінісі болды.
Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімінде «Жетісу» облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов қатысушыларға жүрекжарды лебізін білдіріп, жарыстың әділ, тартысты әрі достық аясында өтуіне тілектестік білдірді. Ол өз сөзінде мұндай іс-шаралардың маңызына тоқталып, еңбек ұжымдарындағы серіктестік пен рухани жаңғыру бағытындағы тәрбиелік рөлін атап өтті.
Жарыстық ашылу салтанатында Қ.Байсейітов атындағы Талдықорған саз колледжінің білімгерлері ән салып, мың бұралып билеп, қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ал, бас төрешісі Жалғас Марденов спартакиада ережесін алдын ала түсіндіріп, әртүрлі спорт түрлері бойынша өзара бақ сынайтынын жеткізді. Атап айтқанда, волейбол, баскетбол, мини-футбол, арқан тарту, тоғызқұмалақ, үстел теннисі сынды спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
Талдықорған жоғары политехникалық колледжі, Талдықорған индустриялдық колледжі, Талдықорған агрорлық – техналогиялық колледжі және Талдықорған жоғары медициналық колледжінің базасында өтті.
Жалпы, спартакиадаға облыс орталығындағы және аудан, қалалардан келген 7 команда қатысып, ұйымшылдық пен достықты паш етті. Қатысушылар спорттың қай түрінде болмасын бар күш-жігерін салып, әділ күрес көрсетті. Бұл жарыс тек жеңімпаздарды анықтап қана қоймай, денсаулық пен сергектікті басты құндылық ретінде насихаттады.
Жарыс барысында командалардың спорттық шеберлігімен қатар, ұйымшылдығы, тәртіптілігі және бір-біріне деген құрметі көрермендер мен төрешілер тарапынан жоғары бағаланды. Бұл өз кезегінде білім саласындағы қызметкерлердің тек кәсіби ғана емес, сондай-ақ физикалық тұрғыдан да жан-жақты дамығанын көрсетеді.
Екі күнге созылған Спартакиаданың қорытындысында волейболдан ерлер арасында І орынды Ақсу агротехникалық колледжі, ІІ орынды Көксу ауылшаруашылық колледжі, ІІІ орынды Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің командалары иеленді.
Волейболдан әйелдер арасында І орынды Көксу ауылшаруашылық колледжі, ІІ орынды Ақсу агротехникалық колледжі, ІІІ орынды Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің командалары еншіледі.
Баскетболдан І орынды Талдықорған жоғары политехникалық колледжі, ІІ орынды Бастөбе сервистік-техникалық колледжі, ІІІ орынды Текелі кәсіптік колледжі иемденді.
Тоғызқұмалақтан І орынға Талдықорған жоғары политехникалық колледжі, ІІ орынға Талдықорған агрорлық-техналогиялық колледжі, ІІІ орынға Талдықорған индустриялдық колледжі тұрақтады.
Арқан тартудан Бастөбе сервистік-техникалық колледжі, Талдықорған индустриялдық колледжі, Көксу ауылшаруашылық колледжі орындарды өзара бөлісті.
Мини футболдан жүлделі орындарды Талдықорған жоғары политехникалық колледжі, Көксу ауылшаруашылық колледжі, Бастөбе сервистік-техникалық колледжі алды.
Үстел теннисінен І орынға Талдықорған сервис және технология колледжі, ІІ орынға Талдықорған жоғары политехникалық колледжі, ІІІ орынға Талдықорған агрорлық – техналогиялық колледжі жайғасты.
Жеңімпаздар облыстық білім басқармасының дипломдары мен облыстық кәсіподақ ұйымының бағалы сыйлықтарына ие болды. Сонымен қатар, бірінші орынды алған командалар республикалық спартакиадаға жолдама алды.
Осындай ауқымды спорттық шаралар Жетісу өңірінің білім беру саласында жұмыс істейтін азаматтарының өзара ынтымақтастығын арттырып қана қоймай, жастар мен жас мамандарға үлгі болары сөзсіз. Бұл жарыс – тек бәсеке емес, рух, бірлік, сергектік пен ортақ жетістіктің мерекесі болды.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-