
ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ СЫЙЛЫ АНАЛАР
Ақтөбе облысының Қобда ауданында еңбекші әйелдердің қоғамдағы рөлін айшықтау, әлеуметтік әріптестер мен кәсіподақ активтерінің назарын нәзік жанды жандардың еңбегіне аудару мақсатында «Еңбегімен елге сыйлы аналар» атты кездесу өтті.
Кездесуге аудандағы білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге зор үлес қосқан зейнеткер ұстаздар Маншүк Насенқызы, Маруа Келекешқызы, Светлана Зинекенқызы, Ақбілек Школбайқызы және Гүлжамал Ғазизқызы арнайы шақырылды. Бұл аяулы аналар бар ғұмырын өскелең ұрпақтың болашағына арнаған, ұстаздық жолда тер төккен, шәкірт тәрбиелеп, ұлағатты із қалдырған ардақты жандар.
Кездесу барысында Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Қуанышкерей Ибраев сөз алып, қадірменді қонақтарға жүрекжарды лебізін білдіріп, құрмет көрсетіп, шағын сый-сияпаттар табыстады. Шарада аналардың еңбек жолынан естеліктер айтылып, олардың өмірлік ұстанымы мен өнегелі істері жас мамандар мен қазіргі ұрпаққа үлгі ретінде баяндалды.
Айта кетейік, аталмыш шара аудандағы Еңбекші әйелдер істері жөніндегі Комиссияның төрағасы Айнагүл Мусинаның ұйымдастыруымен өтті. Бұл бастама – қоғамдағы әйелдердің, әсіресе еңбек майданында жүрген аналардың еңбегін бағалау, олардың мәртебесін арттыру мақсатында қолға алынған игі іс. Аудандық кәсіподақ ұйымының бұл жұмысы алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, еңбек адамына деген құрметті одан әрі нығайта түспек.
-
Фото
-