
БІЛІМ ОРДАСЫНА - 65 ЖЫЛ
Сүйінші дүбірлетіп тойымызды,
65 жыл мектебімнің жолы ізгі.
Жанға жылу, шаттық шашып қарсы алайық,
Ордамызда басталсын той дүбірі, – деген өлең жолдары әсем күймен өрнектеліп басталған салтанатты жиын Марат Отаралиев атындағы орта мектептің 65 жылдығына арналды.
Алғашқы сөзді алған мектептің директоры Алия Қуанова келген қонақтарға және осы шараны ұйымдастыруға ат салысқан барша әріптес-тілектес жандарға жүрек жарды алғысын білдірді.
Тарихы сонау 1959 жылдың желтоқсанында басталған қазіргі Ақжайық ауылында (бұрынғы – Ширина) бастауыш мектеп ашылып, 3 кластағы 61 оқушыға 3 мұғалім сабақ берген екен. Мектептің директорлығына Ұлы Отан соғысының ардагері Өтепқали Абошев тағайындалады. 1968 жылы Балықшы орталау мектебі, 1975 жылы сегізжылдық, 1992 жылы мектепке жерлес лирик ақын М.Отаралиевтың есімі беріледі. 2017 жылы мектепке жаңа ғимарат салынып онбір жылдық білім ордасына айналады.
Салтанатты жиында сөйлеген Атырау қалалық білім бөлімі атынан Айгүл Сұлтанғалиева бір топ ұстаздарға облыстық, қалалық білім басқармаларының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыс етті.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы Атырау облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Өтешевтың құттықтау сәлемін жолдай отырып, еңбек ардагерлері Ақсұлу Құсайынова мен Шолпан Қисықбасоваларға «Батыр-ұшқыш Хиуаз Доспанова» медалін және облыстық салалық кәсіподақ ұйымының марапаттарын табыс етті.
Салтанатты жиыналысқа қатысушыларды және барлық ұжым мүшелерін «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы Атырау қалалық комитеті» филиалының төрағасы Бағытжан Мусағали, бұрынғы мектеп басшысы Ләззат Өтеуғали, Ә.Жанкелдин атындағы мектептің директоры Алтын Аманкелдіқызы, № 34 мектептің директоры Орынгүл Қуандықова, ардагер ұстаздар Ақсұлу Құсайынова, Айсұлу Сарсекенова, ақын Марат Отарлиевтың жары Гүлзада апай, ұлы Мұқтар Отаралиевтер құттықтады.
«Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Құрметті жазушысы Төлеген Жаңабайұлы мектептің музейіне өзінің 5 томдық шығармалар жинағын сыйға тартты.
Шара барысында мерейтойға арналып Айсұлу Сарсекенова мен Алия Қуандықовалардың құрастыруымен жарық көрген «Сан қыранды самғатқан Алтын-ұя» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Жиын соңы концертке ұласты.
Салтанатты жиын барысында мектептің жас өнерпаздары күмбірлете күй тартып, мың бұрала би биледі, ақын М.Отаралиевтың жыр шумақтарын жатқа оқыды. Мектептің ұстаздар хоры Марат ақынның рухына арналған әнді шабыттана орындады.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі
-
Фото
-