
БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІНЕ ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ ЖҮРГІЗІЛДІ
Жетісу облысының білім басқармасы мен Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы арасында 2023-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік келісім негізінде Ескелді ауданына қарасты М. Мәметова атындағы орта мектебі мен «Балдырған» бала бақшасына еңбек заңнамасының орындалуына қоғамдық бақылау жүргізілді.
Шара барысында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының құқықтық жұмыс, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Р.Қыдырбаева, Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының төрағасы М.Төлепбергенов, облыстық ұйымның заңгер-кеңесшісі Ә.Қайырхан жоғарыда аталған мекемелерге барып, ҚР Еңбек кодексінің 153-бабы, «Кәсіптік одақтар туралы» заңының 20-бабына сәйкес еңбек заңнамасының орындалуына қоғамдық бақылау жүргізіп, құжаттардың рәсімделуіне әдістемелік көмек көрсетті.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарының еңбек жағдайлары, ұжым мүшелерінің құқықтарының сақталуы, еңбекақы мен әлеуметтік төлемдердің уақытылы төленуі, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының орындалуы зерделенді. Кездесу барысында мекеме қызметкерлерімен еркін форматта пікір алмасу ұйымдастырылып, олардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Кәсіподақ тарапынан ұсынылған кеңестер мен түсіндіру жұмыстары білім беру ұйымдарындағы құқықтық мәдениетті арттырып, еңбек қатынастарында туындайтын мәселелерді болдырмауға септігін тигізетіні атап өтілді. Қоғамдық бақылау қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар мен нақты шаралар қабылданды.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-