
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз — білім мен тәрбиенің шамшырағы. Бұл мамандықты таңдаған адам жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеп, олардан тұлға қалыптастырады.
Осындай мамандықты таңдап, ел болашағына үлес қосуды мақсат еткен жан Қызылорда қаласындағы №264 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Бурабаева Фариза Самалбекқызы.
Фариза Самалбекқызы М. Мәметова атындағы гуманитарлық колледжді жақсы аяқтап, білімін Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетте жалғастырған. 2012 жылдан бері ұстаздық жолда қызмет етіп, бүгінде 13жылдық тәжірибесі бар білікті маман.
Ол әр шәкірттің қабілетін танып, ойын тыңдап, пікірін құрметтейді және жетістікке жетуге жігер береді. Сыныпта жайлы орта қалыптастырып, оқушының ғана емес ата-аналар мен әріптестерінің ыстық ықыласына бөленіп жүрген ұстаз.
Фариза Самалбекқызы шәкірттерін баулып, түрлі байқаулардан жүлдегер атанып жүр. Республикалық ғылыми жоба,пәндік олимпиада секілді байқаулардан жүлделі орындарға ие болуда. Оқушыларды пікірсайыс ойындарына дайындап, олардың ой-өрісін кеңейтіп, сөйлеу шеберлігін дамытып жүрген дебат жетекшісі. Тек оқушыларды баулып ғана қоймай өзі де мұғалімдер арасындағы түрлі ақындар мүшайрасына қатысып жүлделі орындарға ие болып жүрген белсенді, ізденімпаз маман.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей, әр шәкіртіне үлгі болып жүрген – Фариза Самалбекқызы шәкірттерінің жүрегінен ерекше орын алатын үлгі болар ұстаз. Осындай ұстаздан тәлім алған шәкірттің ұстамы да, ұстанымы да жақсы болары сөзсіз.