
ҰСТАЗДАР АДАЛДЫҚТЫ ДӘРІПТЕДІ
Ақтөбе облысының Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының қолдауымен сынып жетекшілер арасында «Академиялық адалдық – сапалы білім негізі» тақырыбында байқау өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – білім беру үдерісінде академиялық адалдық қағидаттарын кеңінен насихаттап, әділдік, жауапкершілік және шынайылық сияқты адами құндылықтарды дәріптеу болды. Байқау барысында педагогтар өздерінің жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, оқушыларда академиялық адалдықты қалыптастыруға бағытталған тың идеялар мен шығармашылық жобаларын ұсынды.
Байқау қатысушыларының жұмыстары мазмұнының өзектілігі, шығармашылық тұрғыдағы шешімдері және практикалық маңыздылығы бойынша бағаланды. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігі мен тәрбие үдерісіндегі жаңашыл көзқарастары байқаудың жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды – Сарбұлақ орта мектебінің мұғалімі Сәуле Жұмағұлова, ІІ орынды – Ә.Молдағұлова атындағы орта мектептен Жайнагүл Абишева және Бесқұдық орта мектебінен Аяжан Нағашыбайқызы, ал ІІІ орынды – Бестау мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінен Ұлдана Тілеубергенова, Талдысай орта мектебінен Ақбөпе Сақып және И.Білтабанов атындағы орта мектептен Гүлдана Медетова иеленді.
Сондай-ақ, байқауға белсене қатысқан бірқатар мұғалімдерге Алғыс хаттар табысталып, олардың еңбегі лайықты бағаланды. Байқауда І орынды иеленген Сарбұлақ орта мектебінің мұғалімі Сәуле Жұмағұловаға аудандық кәсіподақ ұйымы атынан тарихи-танымдық саяхатқа жолдама табысталды, ал жүлдегерлер мен қатысушыларға бағалы сыйлықтар ұсынылды.
Мұндай байқаулар ұстаздар қауымы арасында кәсіби тәжірибе алмасуға, білім беру сапасын арттыруға және жас ұрпақтың бойында адалдық пен жауапкершілік сынды құндылықтарды қалыптастыруға үлкен серпін беретіні сөзсіз.
-
Фото
-