
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз – ұлы есім. Бұл мамандық шексіз жауапкершілік пен тынымсыз еңбекті талап етеді. Осындай абыройлы қызметті үлкен сүйіспеншілікпен атқарып жүрген жан – Ақтөбе облысы, Шалқар қаласындағы №6 жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Еришова Әсемгүл Сарсенғалиқызы.
Әсемгүл Сарсенғалиқызы 1Ақтөбе гуманитарлық колледжін үздік тәмамдап, білімін Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде жалғастырған. 2004 жылдан бері ұстаздық жолда еңбек етіп, бүгінде 21 жылдық тәжірибесі бар педагог-зерттеуші санатындағы білікті маман.
Ол оқушыларды өз бетінше ізденуге баулып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Ата-аналар мен әріптестерінің ыстық ықыласына бөленіп жүрген ұстаз – жаңашыл әрі ізденімпаз маман.
Әсемгүл Еришова – түрлі байқаулардың жүлдегері. «Үздік бастауыш сынып мұғалімі – 2022», «Тағылымды тәлімгер – 2023», «Полимат – 2025» сияқты аудандық, облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар, 2024 жылы өткен халықаралық олимпиадада ІІ орын иеленді.
2023–2025 жылдар аралығында облыстық және халықаралық конференцияларда кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, шығармашылық шеберлігін танытты. Шәкірттері де облыстық, республикалық білім сайыстарында үздік нәтижелер көрсетіп келеді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жүрген Еришова Әсемгүл Сарсенғалиқызының еңбегі – көпке үлгі.