
ҰСТАЗ ЕҢБЕГІНЕ - ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ
Ақтөбе облысының Хромтау ауданында үздік кәсіподақ мүшелері марапатталды. Хромтау аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен №6 Хромтау гимназиясында ерекше мазмұндағы салтанатты жиын өтті. Шара барысында білім саласындағы үздік кәсіподақ мүшелері марапатталып, олардың еңбектері лайықты бағасын алды.
Аталған іс-шараға Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының маманы Айжарық Сеіімбетов арнайы қатысып, ұстаздар қауымын шын жүректен құттықтады. Ол өз сөзінде ұстаздық мамандықтың қоғамдағы орны мен маңызын атап өтіп, педагогтардың табанды еңбегін жоғары бағалады. Сонымен қатар, білім саласының 20-ға жуық қызметкеріне Бурабай өңіріне тарихи-танымдық саяхатқа жолдамалар табысталды.
Салтанатты жиын барысында Хромтау аудандық білім бөлімінің басшысы Шерхан Отаров пен аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлжан Ақанова да сөз алып, жетістікке жетіп жүрген ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен қоғамға қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті. Олар педагог мамандардың тек білім беру ісімен ғана шектелмей, өнер мен спорт саласында да белсенділік танытып жүргенін мақтанышпен жеткізді.
Іс-шара аясында мектепке дейінгі ұйымдарда еңбек ететін педагогтар да назардан тыс қалмады. Олар облыстық және салалық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында аудандағы балабақшаларда қызмет ететін кіші қызметкерлерге де аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының бірлескен грамоталары табысталды. Бұл – білім беру мекемелерінде қызмет етіп жүрген әрбір маманның еңбегі ескерусіз қалмайтынын көрсетеді.
Шара соңында марапатқа ие болған ұстаздар қауымы үшін мерекелік сазды бағдарлама ұйымдастырылып, дастархан жайылды.
Осындай шаралар ұстаздардың еңбегін бағалап қана қоймай, олардың кәсіби шабытын арттырып, болашаққа сеніммен қадам басуына үлкен демеу болары сөзсіз…
-
Фото
-