
ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДЫҢ ӨМІРІ – ЖАС ҰРПАҚҚА ҮЛГІ-ӨНЕГЕ
Қай қоғамда болмасын ұрпақ тәрбиесінің алатын орны ерекше. Мектеп өмірінде бала тәрбиесіне ат салысқан ұлағатты ұстаз, Ұлы Отан соғысының тыл ардагері Кужамбетова Жанипа Слямбайқызы. Жанипа Слямбайқызы – жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруге, оларды еңбекқорлыққа, отансүйгіштікке баулуға бар күш-жігерін арнаған абзал жан.
Ол 1936 жылы 7 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Сарышоқы ауылында дүниеге келген. Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы мектептен 1 жылдық білім алып, 1954 жылдан 1960 жылға дейін Миролюбовка жеті жылдық мектебінде төменгі сыныптарға мұғалім болды. 1960 жылы Самар ауылындағы балабақшаға тәрбиеші болып, бір жылдан кейін сол балабақшаны басқарды. 1965 жылы Бастаушы орта мектебіне келіп, интернат меңгерушісі, кейіннен мұғалімдік қызметке араласты. Жоғары санаттағы мұғалім. Еңбек өтілі 46 жыл.
Қай пәнді де жатсынбай, балаға түсінікті тілмен түрлі әдіс-тәсілдермен жеткізе білген ұстаз. Жанипа апайдың еңбегі еленбей қалған жоқ. Ол көптеген мақтау қағаздарымен, медальдармен марапатталды. Жанипа Слямбайқызы 1978 жылы «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» деген атаққа ие болған. 1991 жылы үшінші әйелдер съезінің делегаты болды. «Ветеран труда», «Жеңіске - 50, 60, 65, 70 жыл» марапаттарының иегері. 1987-2017 жылдары Абай атындағы орта мектептің әнұранының сөзін жазған. «Асыл мұра» әжелер клубын басқарып келді.
Ол кісінің өнегелі өмірі – әрбір ұстаз үшін үлгі-өнеге, әрбір жас үшін – жігерлендіретін күш. Жанипа Слямбайқызы – қазақ халқының мақтанышы, ұлттық педагогиканың жарық жұлдызы.