
ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Бүгінгі таңда қоғамның жан-жақты дамуына өз үлесін қосып жүрген жастарымыз аз емес. Солардың бірі – Темір ауданындағы «Гаухар» балабақшасының тәрбиешісі, жас маман Кенжалиева Дилнора Зулфхарқызы.
Дилнора Зулфхарқызы 1998 жылы 2 қыркүйекте дүниеге келген. Орта білімді Темір ауданындағы С.Бәйішев мектебінде алған. Балаларға деген сүйіспеншілігі мен тәрбиелеу ісіне деген қызығушылығы оны педагогикалық бағытты таңдауға жетеледі. Осы мақсатпен 2018-2021 жылдар аралығында С.Бәйішев атындағы жоғары медициналық колледжінде «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша білім алып шықты.
Еңбек жолын 2021 жылдың шілде айында Темір ауданындағы «Гаухар» балабақшасында жастар тәжірибесінен бастап, бүгінде осы мекемеде тәрбиеші ретінде жемісті еңбек етіп келеді.
Жас маманның жетістіктері де аз емес. 2023 жылы «Баланы ұлттық ойындар арқылы тәрбиелеу» тақырыбындағы авторлық оқулығы жарық көрді. Сонымен қатар, ол «Ізгілікті істі бірге жасайық» атты қайырымдылық іс-шарасында ерекше белсенділік танытып, замандастарын ізгі істерге үндегені үшін аудандық кәсіподақ ұйымынан тарапынан Алғыс хатпен және Түркістан қаласына тарихи-танымдық саяхатқа жолдамамен марапатталды. Былтырғы жылы Халықаралық жастар күніне орай аудан әкімінің Алғыс хатына ие болып, еңбегі бағаланды.
Балабақша тәрбиеленушілері арасында өткен «Өнеріміз саған – Қазақстан» тақырыбындағы республикалық байқаудың аудандық кезеңінде тәрбиеленушілері жүлделі III орынға ие болып, Дилнора Зулфхарқызы мадақтамамен марапатталды. Оның «Тәрбие бесіктен басталады» тақырыбындағы мақаласы жергілікті «Темір» газетінде жарияланып, тәрбие саласындағы өзекті ойларын көпшілікке ұсынды. Ал «Ұлттық ойындар – халық қазынасы» тақырыбындағы мақаласы «Тәрбиелік іс-шаралар» республикалық журналында жарық көріп, әріптестері мен сала мамандарының назарын аударды.
Дилнора Кенжалиева – өз ісіне берілген, жауапкершілігі жоғары, шығармашыл, ізденімпаз жас маман. Оның кәсіби жолы көптеген жас педагогтарға үлгі бола алады.
«Жас келсе – іске» демекші, алда Дилнора Зулфхарқызын биік белестер мен жаңа жетістіктер күтетініне сенімдіміз.