
ТЕКЕЛІ КӘСІПТІК КОЛЛЕДЖІНІҢ ЕҢБЕК ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСУ
Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын нығайту, еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау мақсатында Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы білім саласының қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырып келеді.
Облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов пен заңгер-кеңесші Әсет Қайырхан Текелі кәсіптік колледжі бастауыш кәсіподақ ұйымына ат басын бұрып, қоғамдық бірлестіктің атқарып жатқан жұмысын таныстырды.
Жиынды Текелі кәсіптік колледжі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақтыгүл Тұңғышбаева ашып, кездесудің мәні мен мағынасын түсіндіріп, келген қонақтарды таныстырды.
Облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Құлмұханұлы Жетісу өңірінде орналасқан колледждердің басым көпшілігі жұмысшы мамандығын дайындайтын мекемелер екенін айтып, «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында кездесу ұйымдастырып отырған Текелі кәсіптік колледжі туралы айтып өтті.
Аспазшы, лаборант, дәнекерлеуші, электриктер, авто электриктер, туризм және қонақ үй бизнесі мамандықтарын дайындайтын колледждің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында сөз қозғап, онда жұмыс істейтін қызметкерлердің жағдайымен танысты.
Сонымен қатар, еңбек ұжымына кәсіподақтың алдағы мақсаты мен міндетін айқындап, жасалып жатқан игі бастамаларды баяндады.
Аталған шарада қызметкерлердің тарапынан туындаған сұрақтарға облыстық ұйымның заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан жауап беріп, оқу процесі кезінде еңбек заңдылықтарының сақталуы, әр қызметкерге бөлінген лауазымдық нұсқаулықтардың рәсімделуі туралы кеңінен түсіндіріп берді.
Жетісу облыстық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-