РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ КӘСІПОДАҚТЫҚ ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Бүгін, 3 сәуірде, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мәжіліс залында Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарындағы іс жүргізу және кадр жұмысына жауапты мамандарға арналған екі күндік республикалық семинар өз мәресіне жетті.
Семинардың екінші күні де мазмұнды әрі тәжірибелік тұрғыдан маңызды тақырыптарға арналды. Қатысушылар кәсіподақ ұйымдарындағы кадрлық құжаттаманы жүргізу, ішкі ұйымдастырушылық жұмыстарды жүйелеу және құжаттарды ресімдеу тәртібі бойынша өзекті ақпараттар алды.
Семинар барысында Салалық кәсіподақтың кеңсе меңгерушісі- кадр жөніндегі инспектор М. Бейсембаева кәсіподақ ұйымдарындағы кадр жұмысының жүргізілу тәртібі, кадрлық құжаттаманы дұрыс ұйымдастыру, еңбек қатынастарына байланысты рәсімдердің сапалы жүргізілуі жөнінде жан-жақты баяндама жасады. Ол кадрлық жұмыстың жүйелі әрі сауатты ұйымдастырылуы кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, ұйымдастыру бөлімінің бас маманы - Г.Айкумбаева қатысушыларға наградалық материалдарды ресімдеу, сондай-ақ хаттамаларды дұрыс әзірлеу және жүргізу тәртібі бойынша түсіндірме берді. Баяндама барысында құжаттардың мазмұнына, рәсімделу сапасына және ресми талаптарға сәйкестігіне ерекше назар аударылды.
Әрбір тақырып барысында семинарға қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, күнделікті жұмыста кездесетін нақты жағдайларды талқылады. Практикалық мысалдар арқылы пайдалы тәжірибе алмасу жүргізілді.
Екі күндік семинар кәсіподақ ұйымдарындағы кадрлық және құжаттамалық жұмысты жетілдіруге, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға және заманауи талаптарға бейімделуіне бағытталған маңызды алаң болды.
-
Фото
-