ЦИФРЛАНДЫРУ ДӘУІРІНДЕГІ КӘСІПОДАҚ: ІС ҚАҒАЗДАРЫН ЖҮРГІЗУ ЖӘНЕ КАДРЛЫҚ ЖҰМЫС БОЙЫНША МАМАНДАРҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУ СЕМИНАРЫ БАСТАЛДЫ!
Бүгін, 2 сәуірде, ҚР Кәсіподақтар федерациясының ғимаратында Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарындағы іс қағаздарын жүргізу және кадрлық жұмыс мамандарына арналған екі күндік республикалық семинар өз жұмысын бастады. Негізгі тақырыптар – іс қағаздарын жүргізу, кадрлық есеп және еңбек қатынастарын цифрландыру.
Семинардың ашылуын Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева жүргізді. Ол өз сөзінде 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланған Мемлекет басшысы Жолдауының стратегиялық маңыздылығына тоқталды. Цифрландырудың жұмыскерлердің еңбек құқықтарына тікелей әсер ететініне ерекше назар аударылды.
«Цифрландыру және еңбек заңнамасындағы өзгерістер – еңбек қатынастарының дамуындағы жаңа кезең. Осы жағдайда кәсіподақ құқықтық әлеуетті, цифрлық құралдарды және жұмыскерлермен тікелей диалогты үйлестіре алатын ұйым болуы тиіс», – деп атап өтті Айгүл Мұқашева.
Семинардың бірінші күнінде келесі негізгі баяндамалар тыңдалды:
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарма басшысы Гүлзада Қасымбекова HR Enbek порталындағы «Кәсіподақтар» модулі және кәсіподақ ұйымдары туралы мәліметтерді енгізу тәртібі жөнінде толық баяндама жасады.
Тренер-сарапшы Бақытжан Мұқашева кадрлық есептің өзекті мәселелерін, Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіндегі өзгерістерді, оларды тіркеу қағидалары мен еңбек шарттарын жасасу тәртібін жан-жақты түсіндіріп қана қоймай, тыңдаушылармен практикалық тренинг өткізді. Қатысушылар нақты мысалдар арқылы кадрлық құжаттаманы ресімдеудің күрделі сәттерін бірге талдады.
Әрбір баяндамадан кейін қатысушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, практикалық жағдаяттарды талқылады. Семинарда ашық әрі іскерлік атмосфера орнады. Семинар жұмысы ертең, 3 сәуірде жалғасады.
Кәсіподақ мүшелерінің біліктілігін арттыру – жұмыскерлердің құқықтарын қорғаудың берік тірегі!
-
Фото
-