АСТАНАДА ЖАСТАР АРАСЫНДА КӘСІПОДАҚТАР РӨЛІН НЫҒАЙТУҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
2026 жылғы 25–26 наурыз күндері Астана қаласында ҚР Кәсіподақтар федерациясы Фридрих Эберт атындағы қормен бірлесіп «Жастар ортасында кәсіподақтардың рөлін нығайту: сын-қатерлер мен шешімдер» тақырыбында екі күндік оқыту семинарын өткізді. Іс-шараға жас кәсіподақ белсенділері, сарапшылар және Салалық кәсіподақ өкілдері қатысты.
Семинар барысында қатысушылар еңбек қатынастары, жанжалдарды басқару, коммуникация дағдылары, сондай-ақ кәсіподақ қызметінің заманауи тәсілдері бойынша білімдерін жетілдірді. Бағдарлама аясында еңбек дауларының түрлері, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы, әлеуметтік әріптестік мәселелері кеңінен талқыланды.
Сарапшы қатысушыларға тиімді келіссөз жүргізу, көпшілік алдында сөйлеу, аудиториямен байланыс орнату және дағдарыс жағдайларында шешім қабылдау дағдыларын үйретті. Сонымен қатар, интерактивті жаттығулар, ойындар мен практикалық тапсырмалар арқылы теориялық білім тәжірибемен ұштастырылды.
Аталған іс-шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және кәсіподақ қозғалысындағы рөлін күшейтуге бағытталды.
Шара соңында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Г.Жұмагелдиева қатысушыларға сертификат табыстады.
Мұндай форматтағы кездесулер жастардың кәсіби және тұлғалық дамуына, сондай-ақ еңбек саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді.
-
Фото
-