КӘСІПОДАҚ ПОШТАСЫ
Мектепте 20 сағат оқу жүктемесімен мұғалімдік қызметімнен жүктілік және босану демалысына шықтым. Жалақысы сақталмайтын 3 жасқа дейінгі бала күтімі демалысынан жұмысқа шығуға ниетімді білдіріп, басшыға өтініш тастадым.
Басшы орынбасары жұмысқа шығатын болсаңыз 9 сағат берілетінін және менің орныма біліктілік санаты зерттеуші санатындағы мұғалім алынатынын айтты. Осы жауап қаншалықты заңды?
ҚР Еңбек кодексінің (әрі қарай - ЕК) 100-бабы 3, 4 - тармақтарына сәйкес бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс аяқталғанға дейін жұмысқа шыққан жағдайда, жұмыскер жұмыс берушіні өзінің ниеті туралы жұмыс басталғанға дейін бір ай бұрын хабардар етуге міндетті.
Жұмыс беруші қызметкердің бала үш жасқа толғанға дейінгі жалақысы сақталмайтын демалысы кезеңіне ЕК 30-бабы 1-тармағының 4)-тармақшасына сәйкес уақытша болмаған қызметкерді алмастыру мерзіміне басқа қызметкермен еңбек шартын жасауы тиіс.
Қызметкер жалақы сақталмайтын демалыс аяқталғанға дейін жұмысқа шыққан жағдайда ЕК 49-бабының 2)-тармақшасына сәйкес жұмыс беруші уақытша болмаған қызметкерді алмастыру уақытына басқа қызметкермен жасалған еңбек шартын мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатуы керек.
Сіздің жағдайда әкімшілік тарапынан айтылған уәждер еңбек заңнамаларына қайшы, сондықтан мәселе шешімін таппаған жағдайда бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіру мақсатында ЕК 159- бабында көзделген тәртіпке сәйкес Келісім комиссиясымен жалпы Сот құзыретінде қарастыруға мүмкіндігіңіз бар.