ЛАУАЗЫМДАРДЫ ҚАТАР АТҚАРУДА БІЛІКТІЛІК САНАТЫНЫҢ ҚОЛДАНЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ
Мен балабақшада 0,5 лауазымдық бурлікте тәрбиеші және 0,5 лауазымдық бірлікте әдіскерлік қызметтерін атқарамын. Тәрбиеші лауазымы бойынша педагог-сарапшы біліктілік санатым әдіскерлік лауазымына сақтала ма?
Педагогтардың қолданыстағы біліктілік санатының сақталу тәртібі «Педагогтаарды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығымен (әрі қарай - Қағидалар) айқындалған.
Қағидалардың 27 және 31 тармақтарына сәйкес бір білім беру ұйымынан басқа білім беру ұйымына немесе әдістемелік сүйемелдеуді жүзеге асыратын ұйымға ауысқан кезде немесе педагогикалық қызметті қоса атқару немесе қосымша атқару шарттарында жүзеге асырған кезде немесе педагогтің қызмет бейініне сәйкес білім беру ұйымында педагогті (оның ішінде әдіскерді) басқа лауазымға тағайындаған кезде қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қолданыстағы біліктілік санаты сақталады.
Сонымен қатар, «Педагог (оқытушы)», «бөлімше (бөлім) меңгерушісі (басшысы)», «өндірістік оқыту шебері», «аға шебер», «әдіскер», «педагог-ұйымдастырушы» лауазымдарының бірі бойынша берілген біліктілік санаты аталған лауазымдардың кез келгеніне ауысу және қоса атқару немесе қоса атқару шарттарында педагогикалық қызметті жүзеге асыру кезінде сақталады.
Сіздің жағдайда, жоғарыда көрсетілген Қағидалардың нормаларына сәйкес тәрбиеші лауазымы бойынша педагог-сарапшы біліктілік санаты әдіскерлік лауазымына қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.