ЖҰМЫС ОРНЫНДАҒЫ ТЕМПЕРАТУРАЛЫҚ РЕЖИМ — ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ МІНДЕТТЕРІ
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (ЕК) 182-бабына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерлерге қажетті санитариялық-гигиеналық жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.
ЕК-нің 184-бабының 5-тармағына сәйкес, жұмыс уақыты ішінде жұмыс орындары орналасқан үй-жайларда температура, жарықтандыру және желдету санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай болуы тиіс. Бұл сіз еңбек ететін үй-жайлардағы ауа температурасы еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасының белгіленген нормаларына сәйкес келуі қажет екенін білдіреді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығымен бекітілген «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының 41-тармағына сәйкес, жылыту кезеңіндегі ауа температурасы «Адамға әсер ететін физикалық факторлардың гигиеналық нормативтерін бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 ақпандағы № ҚР ДСМ-15 бұйрығығына (бұдан әрі – Бұйрық) сәйкес айқындалады.
Аталған Бұйрыққа сәйкес өндірістік үй-жайлардың жұмыс аймағындағы оңтайлы ауа температурасы 22–24 °C құрайды.
Қызметкердің қауіпсіз еңбек жағдайына құқығы
ЕК-нің 181-бабына сәйкес, қызметкердің мынадай құқықтары бар:
еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сай жабдықталған жұмыс орнына;
өз жұмыс орнындағы еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғау бойынша тексеру жүргізу үшін аумақтық бөлімшеге жүгінуге;
жұмыс беруші жеке және (немесе) ұжымдық қорғану құралдарымен қамтамасыз етпеген жағдайда немесе оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай туындаған кезде, бұл туралы тікелей басшысына немесе жұмыс берушіге жазбаша түрде хабарлай отырып, жұмысты орындаудан бас тартуға;
еңбекті қорғау және қауіпсіздік талаптарына сәйкессіздік салдарынан ұйым жұмысы тоқтатылған кезеңде жалақысының сақталуына.
Температуралық режим бұзылған жағдайда не істеу керек:
Мәселені тіркеңіз (мысалы, жұмыс берушіге немесе басшыға жазбаша өтініш беру), сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторды хабардар етіңіз.
Қоғамдық бақылау жүргізу арқылы еңбек жағдайларын тексеру және өтінішті рәсімдеу үшін кәсіподақ ұйымына жүгініңіз.
Маңызды: температуралық режимнің бұзылуы жай ғана қолайсыздық емес, ол қызметкердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін қауіпті еңбек жағдайлары.
Егер температуралық режим сақталмаса бейжай қалмаңыз, қауіпсіз еңбек құқығыңызды қорғаңыз.