САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ 2025 ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАЙДЫ
ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР!
АРДАҚТЫ ДОСТАР!
2025 жыл Салалық кәсіподақ үшін айрықша маңызы бар мерейлі жыл болды.
Жылдың басты оқиғасы мамыр айында Астана қаласында өткен «ҒАСЫРЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ: ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ - БОЛАШАҚҚА БАҒДАР» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция болды. Конференцияға Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ), халықаралық кәсіподақ бірлестіктерінің өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, әлеуметтік әріптестер, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері мен еліміздің барлық өңірлерінен келген кәсіподақ белсенділері қатысты. Ауқымды шара еңбек болашағы, әлеуметтік әділеттілік және еңбек адамының құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтардың рөлі жөнінде мазмұнды әрі нәтижелі диалог алаңына айналды.
Салалық кәсіподақ қызметінің басты әрі тұрақты басымдығы – кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі әрі тәжірибеге негізделген сипатта жүргізіліп келеді – қызметкерлерді құқықтық сүйемелдеуден бастап, еңбек дауларын шешуге қатысу, еңбек заңнамасы талаптарының бұзылуының алдын алу және еңбек ұжымдарында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға дейінгі кешенді шараларды қамтиды.
Жалақы төлеу, жұмыс уақытының режимі, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі, педагогтардың аттестаттау және оқу жүктемесі мәселелеріне ерекше назар аударылады және бұл бағыттағы жұмыс тұрақты жалғасуда. Кәсіподақ өз мүшелерінің мүдделерін дәйекті түрде қорғап, қызметкерлер, жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдар арасында сенімді серіктес ретінде әрекет етеді.
Кәсіподақтық оқыту – қызметіміздің маңызды бағыттарының бірі. Барлық мүшелік ұйымдарда кәсіподақ белсенділері мен жұмыс берушілерге арналған оқыту семинарлары өткізілді. Сонымен қатар, Орталық комитеттің бастамасымен ұйымдастыру, қаржы және заң қызметтері мамандарына арналған семинар-кеңестер өткізілді. Бұл шаралар кәсіби құзыреттілікті арттыруға, бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға және жергілікті жерлерде кәсіподақтық құрылымды нығайтуға бағытталды.
Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп Алматы қаласында Орталық Азия елдері мен Моңғолия кәсіподақтарының қатысуымен «Жұмыс орнындағы биологиялық қауіптерге қарсы ХЕҰ-ның №192 конвенциясын ілгерілету және қолдану» және «Кәсіподақтардағы жастар саясаты және жастарды қолдау» тақырыбында халықаралық семинар өткізілді.
Сала қызметкерлері арасында республикалық спартакиадалар өткізу, жас педагогтардың жазғы лагері мен түрлі байқауларды ұйымдастыру дәстүрге айналды.
Жыл бойы әлеуметтік әріптестік аясында Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдерімен бірлесіп Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында көшпелі семинарлар өткізілді. Кездесулер барысында еңбек заңнамасын қолдану, нормативтік құқықтық актілердегі өзгерістер, қызметкерлердің құқықтарын қорғау тетіктері және еңбек дауларының алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды. Бұл жұмыс алдағы жылы да жалғасын табады.
2025 жылғы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Салалық кәсіподақ дәстүрлі түрде «Мектепке жол – 2025» республикалық қайырымдылық акциясына қатысты. Акция аясында кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдары шамамен 9 000 оқушыға жалпы сомасы 135 млн теңгеге жуық атаулы көмек көрсетті. Көрсетілген қолдау мектеп және спорт формасын, кеңсе тауарларын, жылы киім мен маусымдық аяқкиімдер сатып алуға бағытталды. Бұл көмек көптеген сала қызметкерлері үшін жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде нақты қолдау болды.
Салалық кәсіподақ қиын өмірлік жағдайға тап болған, табиғи апаттар мен төтенше жағдайлардан зардап шеккен әрбір кәсіподақ мүшесіне тұрақты түрде материалдық және қайырымдылық көмек көрсетіп келеді.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдары еңбек адамына деген құрметті арттыруға және жұмысшы кадрларды қолдауға ерекше назар аударды. Қараша айында Астана қаласында өткен «ЕҢБЕККЕ ҚҰРМЕТ — БОЛАШАҚҚА СЕНІМ» атты қорытынды республикалық форум адами капиталды дамыту, жұмысшы мамандықтарының беделін нығайту және Еңбек адамын ұлықтау мәселелері бойынша маңызды диалог алаңына айналды.
Жыл бойы әлеуметтік әріптестермен конструктивті диалог аясында жүйелі кездесулер ұйымдастырылды. Оқу-ағарту министрі Ж. Сүлейменовамен өткен кездесуде сала қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау, кәсіподақ қызметінің нәтижелері және одан әрі өзара іс-қимылдың басым бағыттары талқыланды. Сонымен қатар, әлеуметтік әріптестік аясында екі министрліктің Салалық комиссияларының отырыстары өткізіліп, салалардағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары қаралды.
Салалық кәсіподақ өкілдері білім беру саласындағы алқалы басқару органдарына және барлық деңгейдегі Қоғамдық кеңестер құрамына сайланды.
Кәсіподақтың мерейлі жылы ауқымды жұмыстар атқарылды. Алда бұдан да үлкен міндеттер тұр. Салалық кәсіподақ алдағы жылға арналған басым бағыттарды айқындады: кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, цифрландыру, жасанды интеллектті енгізу, қоғамдық бақылауды күшейту, ақпараттық саясатты дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
Біздің жетістіктеріміз – ортақ еңбектің нәтижесі. Ғасырлық тәжірибеге сүйене отырып, дәстүр сабақтастығын сақтаған кәсіподақ өз ұстанымын нығайтып, сенімді тірек әрі әлеуметтік әріптестік жүйесінің белсенді қатысушысы ретінде еңбеккерлердің құқықтарын қорғауды жалғастыра береді.
Барлық кәсіподақ белсенділеріне жанқиярлық еңбегі, іске адалдығы және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына беріктігі үшін шынайы алғысымды білдіремін. Биылғы табыстарымыз әрбір кәсіподақ көшбасшысының жауапкершілігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Сала қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешудегі нәтижелі ынтымақтастығы үшін әлеуметтік әріптестерге ерекше алғысымды жеткіземін.
Алда бізден ұйымшылдықты, жоғары кәсібилікті және табанды еңбекті талап ететін жаңа жоспарлар мен жобалар күтіп тұр. Сол мақсаттарға жету жолында баршаңызға зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, бақ-береке тілеймін.
Біздің күшіміз – бірлікте! Бұл біздің ортақ жетістіктеріміздің мызғымас тірегі. Жаңа жыл кәсіподақ қозғалысын одан әрі нығайтуға және жоспарларымызды іске асыруға тың серпін сыйласын.


КЕЛЕ ЖАТҚАН ЖАҢА ЖЫЛДАРЫҢЫЗБЕН!
Құрметпен, төраға Айгүл Мұқашева
-
Фото
-