«ГЕНДЕРЛІК ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ 16 КҮН БЕЛСЕНДІ ІС-ҚИМЫЛ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ
Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім саласы қызметкерлері салалық кәсіподағы жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өткізілетін «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» халықаралық акциясын қолдайды. Бұл шара БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы Конвенциясына сәйкес дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.
Әлемнің 180-нен астам елін қамтитын жаһандық науқанның мақсаты - әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне қоғам назарын аудару, отбасы құндылықтарын нығайту және азаматтардың қолжетімді қорғану тетіктері туралы хабардарлығын арттыру.
2025 жылы науқан «Әйелдер мен қыздарға жасалатын цифрлық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін бірігейік» ұранымен өтуде.
Цифрлық технологиялар қазіргі заманның маңызды бөлігіне айналып, мүмкіндіктерді кеңейткенімен жаңа қауіп-қатерлердің пайда болуына да себеп болуда.
Акция аясында кәсіподақтың барлық мүшелік ұйымдары өзара құрмет, қолдау мәдениетін қалыптастыруға, кез келген зорлық-зомбылыққа жол бермеуге және цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған түрлі ақпараттық және ағартушылық іс-шаралар өткізеді.
Салалық кәсіподақ әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғауды ұдайы назарда ұстап, олардың нақты өмірде де, цифрлық кеңістікте де қауіпсіз, лайықты және қорқынышсыз өмір сүру құқығын қолдайды.